Төрт белгі бойынша балалардан зорлық-зомбылық белгілерін білуге болады - маман

10 Қараша 2023, 12:44
2376
Бөлісу:
Төрт белгі бойынша балалардан зорлық-зомбылық белгілерін білуге болады  - маман

Бүгінде елімізде зорлық-зомбылыққа тап болып, жақындарынан зәбір көрген балалардың саны артып келеді. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі психология ғылымдарының докторы, «innovation psychology» республикалық қоғамдық қорының төрайымы Гүлжан Вероскамен сұхбаттасқан еді.

– Зорлық-зомбылыққа тап болған балаларды қалай тануға болады? Неліктен кей жағдайда ата-аналар баланың басынан өткен оқиғаларды білмей жатады?

– Мен өз тәжірибемде сексуалды зорлық-зомбылық көрген балалармен көп жұмыс істедім. Алдыма келген балалардың біразы дерлік өз туысқандарынан, әкелері мен ағаларының тарапынан зорлық көргенін байқадым. Аналары көп жағдайда бұл туралы білмейді. Біліп тұрып, үндемей бөлмеден шығып кететін аналар бар. Сол себептен, менің ойымша, бұндай жағдайларда ең бірінші балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау қажет. Біз соларды даярлап келеміз де. Сондықтан біз зорлық-зомбылық бойынша арнайы курстар ұйымдастырамыз. Психологтар мына төрт белгі бойынша балалардан зорлық-зомбылық белгілерін білуге болатынын айтады: сыртқы белгілер, мінез-құлық, психологиялық және эмоционалды белгілер.

– Ата-аналар нені біліп, нені үйренуі қажет?

– Ал ата-аналарға келер болсақ, әр мәселе туындаған сайын менен қалай болдырмауға болады деп сұрап жатады. Мен әрқашан бір ғана жауап беремін. Ата-аналардың сексуалдық, психологиялық, педагогикалық сауаттылығын арттыру керек. Дегенмен ол да жеткіліксіз. Қаржылық сауаттылығын арттыру керек, осылайша отбасының материалдық жағдайын жақсартады. Себебі көптеген отбасы қиын өмір сүреді. Ал педагогоикалық тұрғыдан арттыру керек дегенім – балаға әр жағдайды ұрмай-соқпай түсіндіру қажет. Баланы қорқытпай үйрету әдісін біліп, қолдану қажет. Сексуалдық сауаттылық барлығымызға жетіспейді. Көп ата-ананың бойында мәселелер бар және балалардың да жанына сондай жара салады. Ал психологиялық сауаттылық дегеніміз – баланың психикасын түсіну, баланың эмоцияларын ұғыну, қажеттіліктерін түсіну және баламен бақытты отбасын құруға ұмтылу. Яғни өз тарапынан қандай әрекеттер жасау керек екенін білу. 

– Зорлық-зомбылыққа тап болған балалармен қалай жұмыс істеуге болады?

– Бұндай жағдайда баламен ұзақ мерзімде жұмыс жүргізілу қажет. Әдетте екі айға жеке жұмыс жоспарын жасаймыз, динамиканы өлшейміз. Егер позитивті динамика болса, жұмыс тоқтайды, бақылауда болады. Егер ондай динамика болмаса, жұмыс жалғасады. Бірақ көп бала, әсіресе, 6-7 жастағылар, сексуалды зорлық фактісін түсінбейді, тез ұмытып кетеді және оны кейінге қалдырады. Психика оны қазір қорғайды. Кейін 20 жылдан кейін ол қайта шығуы мүмкін. Бәрібір есіне түседі. Маған қаралуға келген сондай балалар болды. Киімін шешіп жатқан кезі есінде бар, қалған әрекеттер есінде жоқ. Ойнап-күліп жүреді. Ештеңе есінде болмайды. Ал ондай кезде тергеушілер «есіңе түсір, есіңе түсір» деп қинайды. Бұндай жағдайды баланың есіне түсіруге болмайды. Егер бар жағдайды қайта есіне алса, қайғыдан психикасы шыдай алмауы мүмкін. Сол себептен баланың қорғану механизмдерін де ескеруіміз қажет.

– Балаға зиян келтірген ересек адамдар жайлы не айтасыз? Бұндай әрекетке бармауға қалай көмектесе аламыз?

– Әрбір адам туып-өскен сәтінен бастап, білім, тәжірибе жинайды. Мұндай қадамға баратын адамдардың  басқаларға жанашырлығы болмайды. Бұл адамдар басқалардың эмоцияларын түсінбейді. Қандай зиян келтіріп жатқанын ұғынбайды, жауапкершілікті түсінбейді. Ол адамдарда психикалық ауытқу, сексуалдық ауытқу, өзін-өзі қанағаттандырудың басқа жолдарын қарастыра алмайды.  Ең әлсіз, ең қарсы тұра алмайтын балаларды қинайды. Жалпы, бұл психологиялық, психосексуалды ауытқу. Дегенмен оның да алдын алуға болады. Ол үшін жалпы қоғамының сексуалды сауаттылығын арттыру керек. Менің ойымша, педофилдерге анонимді көмек көрсету қажет. Олар ешқандай балаларға тиіспей, өз психикасымен жұмыс істесе, оның да алдын алуға болады. Яғни әрбір адам өз бойында психикалық ауытқуларды байқаса, ұялмай, қорықпай мамандарға қаралуы қажет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы