Португалия президенті парламентті таратты

10 Қараша 2023, 12:43
637
Бөлісу:
Португалия президенті парламентті таратты

Португалия президенті парламентті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Португалия президенті Марселу Ребелу де Соуза парламентті тарату туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар ол 2024 жылғы 10 наурызда мерзімінен бұрын сайлау өткізілетінін мәлімдеді.

Жергілікті Diario de Noticias басылымы хабарлағандай, Марселу Ребелу де Соуза бұл қадамға елдің премьер-министрі Антониу Кошта отставкаға кеткен соң барған.

Де Соуза атап өткендей, бұл -  халық өкілдерін сайлау мақсатында "үкіметтік партияны алмастыру процесімен" байланысты. Президент Коштаның кризистік кезеңдерді бастан кешірген кезінде үкімет басшысы қызметінде болғанын айтып, өз міндеттерін абыроймен атқарғаны үшін алғысын білдірді.

Еске салсақ, Антониу Кошта 7 қарашада отставкаға кетті. Оған мемлекеттік аппараттағы литий және сутегі жобалары басқармасындағы заңбұзушылықтардың тергелуі түрткі болған.

Премьер-министр де Соузаның қабылдауынан кейін қызметінен кететінін мәлімдеген. 

Шенеуніктің сөзінше, мемлекет алдында оның ары таза. Дегенмен түрлі күдіктер ұялай бастаған соң, ол үкімет басшысы лауазымына өзін қайта ұсынбайтынын кесіп айтты.

Өзгелердің жаңалығы