Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай облысының әкімі Архимет Мұхамбетов қойнауы қазынаға толы Торғай жеріне тартылатын тың инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша инвесторлармен кең ауқымда жиын өткізді.
Аталмыш өңір басшысының қатысуымен өткен жүздесу аясында «SRS Holding LTD» компаниясымен облыстың оңтүстік аудандары аумағындағы құрамында алтыны және өзге де полиметалл кездесетін кендерін қайта өңдеу бойынша ауқымды жобалардың әрбір қадамы жіпке тізгендей жан-жақты талқыланды.
«Өздеріңіз көріп тұрғандай бұл «SRS Holding LTD» компаниясы алдағы уақытта Арқалық қаласы мен Амангелді және Жангелдин аудандарында 3 фабрика салуды жоспарлап отыр. Осылайша Арқалық пен Торғай жеріне тартылатын инвестициялық жобалардың жалпы құны 49,5 млрд теңгені құрайды. Оның сыртында ол жерлерде жаңадан 1 мың астам тұрғынға тұрақты жұмыс табылады», - деді жиын барысында облыс әкімі Архимет Мұхамбетов.
Облыстың оңтүстік аудандарына тартылатын тың жобалар мұнымен шектеліп қалмайды. Атап айтар болсақ, «Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы» ЖШС басшылығы Арқалық қаласындағы «Маятас» кен орындары кластерінде пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу бойынша ілкімді жобаларды қолға алуға ниетті екенін жеткізді.
«Жоғарыда атап өткен жобалардың сыртында «Қостанай тау-кен металлургия корпорациясы» кәсіпорыны Арқалық қаласында тау-кен байыту фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Бұл тау-кен байыту фабрикасының құрылысына 315 млрд теңге көлемінде инвестициялық қаржы салынады. Сонымен қатар, тағы қосымша жергілікті тұрғындар үшін 1,2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жобалар ұзақ мерзімді мақсатта полиметалл кендері мен алтын концентратын өндіруге бағытталып отыр», - деді облыс әкімі.
Осы орайда, Жангелдин ауданы да назардан тыс қалмайтын болды. Атап айтар болсақ, «ASK GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС Жангелдин ауданында мал шаруашылығы кешенін салу бойынша тың жоба аясында келіссөздер жүргізіп жатыр.
«Аталмыш Жангелдин ауданында мал шаруашылығы кешенін салу жобасының инвестиция көлемі 11,2 млрд.теңгені құрайды. Онда тағы жаңадан 80 жұмыс орны ашылады. Жоба аясында 4 мың бас ІҚМ және 4 мың бас жылқы бордақылау, сондай-ақ жылына 3,2 мың тонна ет өндіру жоспарда бар. Бұл жобалар іске асырылу сатысында тұр, нысандарды сәтті іске қосу үшін барынша көмек көрсететін боламыз», - деп жиынды түйіндеді облыс әкімі Архимет Мұхамбетов.
Облыс әкімі маңызды жобалар пысықталған жиынды қорытындылай келе облыстағы мемлекеттік органдарға оңтүстік аудандардың дамуына ынта білдіріп, үлес қосқалы отырған бизнес өкілдеріне жан-жақты көмек көрсетуді шегелеп тұрып тапсырды.