Тоқаевтың Nur Otan-ның кезектен тыс XIX съезінде сөйлеген сөзі (толық мәтін)

23 Сәуір 2019, 17:58
2928
Бөлісу:
Тоқаевтың Nur Otan-ның кезектен тыс XIX съезінде сөйлеген сөзі (толық мәтін)
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезінде сөйлеген сөзін жариялады.

Аса мәртебелі Елбасы!

Құрметті съезд делегаттары, жолдастар!

Ең алдымен, бүгін маған зор сенім артып, «Nur Otan» партиясы атынан Қазақстан Президенттігіне үміткер етіп ұсынған Елбасыға шын жүректен алғыс айтамын!

Мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін!

Сондықтан, сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын!

Партия төрағасы, Елбасы 19 (он тоғызыншы) наурыз күні өзінің тарихи Үндеуінде: «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, мәңгілік елімізді сақтай біліңдер» деді!

Әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан бұл сөздер менің де бойтұмардай бұлжымас ұстанымым болады.

Қазіргі аумалы-төкпелі заманда құбыламыздан жаңылмау үшін біздің бағытымыз айқын!

Байтақ елімізді бекемдеп, болашағымыздың бағдарын бекітіп берген Елбасы аманаты бізді биік белестерге жетелейді.

Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау –киелі Тәуелсіздік алдындағы басты парызымыз!

Біз осы бақты бағалай білсек қана асқар асуларды бағындыра аламыз!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев іргесі берік, өзегі мықты, қуатты мемлекет құрды.

Кеңес Одағының құрсауынан шыққан Қазақстан күллі әлем мойындаған беделді елге және бейбітшілік белдеуіне айналды.

Тұрақтылықтың, татулықтың, тұтастықтың арқасында тәуелсіздігіміз тұғырлы болды!

Елінің ертеңін ойлаған Елбасы Есілдің бойына жаңа Елордамызды орнатты.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы дүние жүзі өкілдерінің басын қосып, ауқымды мәселелерді талқыға салатын жаһандық орталықтардың бірі ретінде қалыптасты.

Рухани бай мұраларымыз зерделі ұрпақтың зейінін ашып, көне тарихты қайта жаңғыртты.

Осының бәрі теңдессіз тұлғаның тегеурінді істері арқылы жүзеге асқанын дана халқымыз жақсы біледі!

Сондықтан, Тұңғыш Президентіміздің жеңісті, жемісті жолын жалғастыруды мен аса мәртебелі міндет әрі қасиетті парыз деп санаймын!

Елбасымыз айқындаған стратегиялық бағыт әрқашан біздің айнымас бағдарымыз, адастырмас темірқазығымыз болады!

Аса құрметті Елбасы!

Қадірлі қауым!

Тарихтың жаңа тарауын бастаған Егемен еліміз тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұр.

Елбасының парасатты пайымы ел жылнамасында жасампаздықтың жарқын парағын ашты.

Осындай аса жауапты сәтте Елбасының сенімі, партияның қолдауы маған ерекше
күш-қуат береді!

Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын!

Баршаңызға рақмет! 


Өзгелердің жаңалығы