Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күніне орай құттықтау хаттары келіп түсті.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күніне шет мемлекеттер және үкіметтер басшыларынан, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялар өкілдерінен құттықтау жеделхаттары келіп жатыр.
Мемлекет басшысының атына Ресей Президенті Владимир Путин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Италия Президенті Серджо Маттарелла, Сербия Президенті Александр Вучич, Молдова Президенті Майя Санду, Словакия Президенті Петер Пеллегрини, Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар, Корея Республикасының Президенті Ли Чже Мёң, Мьянма Президенті Мин Аун Хлайн, Палестина Президенті Махмұд Аббас, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев және тағы да басқа ресми тұлғалар құттықтау жеделхаттарын жолдады.
Сонымен қатар еліміздің азаматтары, Қазақстанның көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері Президентке жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Құттықтау хаттары әлі де келіп түсуде, - деп атап өтті Ақорданың баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Оның әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақ әдебиетіндегі детектив және шытырман жанрдың негізін қалаушылардың бірі саналатын белгілі жазушы Кемел Тоқаев. Анасы – Тұрар Шабарбаева Алматы шет тілдері педагогикалық институтында қызмет еткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев – кәсіби дипломат. Әр жылдары Қазақстанның Сыртқы істер министрі, Премьер-министрі, Сенат төрағасы қызметтерін атқарды. Сонымен қатар Женевада БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
Тоқаев 2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілетін тоқтатқаннан кейін мемлекет басшысы болды. 2022 жылы қайта сайланды.
Соңғы айларда Мемлекет басшысы халықаралық күн тәртібіндегі маңызды кездесулерге белсенді қатысып жүр. Күні кеше Түркістанда Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысып, түркі елдері арасындағы экономикалық ынтымақтастық, логистика және мәдени байланыстар мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ 2026 жылы Президент цифрландыру, жасанды интеллектті дамыту, су қауіпсіздігі және Қазақстан инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері бойынша бірнеше рет пікір білдірді. Ірі бағыттардың бірі ретінде атом энергетикасын дамыту мен интернет-алаяқтыққа қарсы шараларды күшейту мәселесі де айтылып келеді.
Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы туған күнін дәстүрлі түрде көпшілік шаралармен атап өтпейтіні хабарланған еді.