БАӘ Иранның Тегеранға қарсы соғысқа қатысы бар деген айыптауларын жоққа шығарды

Әмірліктер өз егемендігіне қысым жасауға немесе сыртқы саясатқа ықпал етуге бағытталған кез келген әрекетті қабылдамайды.

 depositphotos.com Бүгiн 2026, 06:28
Бүгiн 2026, 06:28
144
Фото: depositphotos.com

Араб Әмірліктері Иранның өздеріне тағылған айыптарын қабылдамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы 15 мамыр, жұма күні БАӘ Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік министрі Халифа бен Шахин әл-Марар айтты.

Бұған дейін Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи БАӘ-ні Тегеранға қарсы әскери әрекеттерге тікелей қатысты деп айыптаған болатын. Оның сөзінше, АҚШ пен Израильдің шабуылы басталған кезде БАӘ оны айыптаудан бас тартып, өз аумағын Иранға соққы жасау үшін пайдалануға мүмкіндік берген.

Ал БАӘ тарапы бұл мәлімдемелерді үзілді-кесілді теріске шығарды.

Министрдің айтуынша, Әмірліктер өз егемендігіне қысым жасауға немесе сыртқы саясатқа ықпал етуге бағытталған кез келген әрекетті қабылдамайды.

БАӘ дипломатиялық, құқықтық және әскери сипаттағы шараларды қабылдау құқығын өзінде сақтайды, – деді Халифа бен Шахин әл-Марар.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы БАӘ Иран аумағына жасырын соққылар жасағанын жазған еді. Басылым дерегінше, Әмірліктер Иранмен соғысқа АҚШ пен Израильден кейін тікелей араласқан жалғыз мемлекет болуы мүмкін.

Мақалада сәуір айында, бітім режимі кезінде, БАӘ Парсы шығанағындағы Иранның Лаван аралындағы мұнай өңдеу зауытына соққы жасағаны айтылған.

АҚШ пен Израиль 28 ақпанда Иран аумағындағы нысандарға шабуыл жасай бастаған. 8 сәуірде Вашингтон мен Тегеран атысты тоқтату туралы жариялағанымен, кейін АҚШ Иран порттарына блокада енгізіп, Иран Ормуз бұғазы арқылы транзитке ерекше тәртіп орнатқанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, 2026 жылдың мамыр айындағы мәліметтерге сәйкес, Иран ақпан айының соңынан бері БАӘ аумағына шамамен 2800 дрон мен зымыран ұшырған. Шабуылдар Әмірліктер экономикасын тұрақсыздандыруға бағытталғаны айтылып, салдарынан 11 адам қаза тауып, бірнеше адам жараланған.

Наверх