Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Тоқаев Жапониямен бірлесіп ауыл шаруашылығын зерттейтін платформа құруды ұсынды

Бүгiн, 10:05
110
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Мемлекет басшысы орнықты ауыл шаруашылығы саласында бірлескен зерттеу платформасын құруды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Еліміз ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән береді. Орталық Азияда қуатты агроөнеркәсіп кешені бұрыннан бар. Сондықтан аймақ жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқара алады. Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытады, - деп атап өтті Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласында екі ел бірлесіп зерттеу платформасын құруды ұсынды.

Осы орайда орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдарының және сарапшыларының қатысуымен Зерттеу платформасын құруды ұсынамыз. Астанада қолданбалы ғылымдар саласында ғалымдар мен зерттеушілердің алғашқы кездесуін «Орталық Азия – Жапония» форматында ұйымдастыруды ұсынамын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан JICA агенттігінің Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайтынын айтты.

Ауыл шаруашылығының дамуы су қауіпсіздігімен тікелей байланысты. Орталық Азия қазірдің өзінде сутапшылығын сезініп отыр. Соңғы жиырма жылда өңірде жан басына шаққанда сумен қамту көлемі шамамен 30 пайызға төмендеді. Оның үстіне су ресурстарының 70 пайызға жуығы – трансшекаралық. Каспий теңізінің тартылуы алаңдаушылық туғызады, ал Арал экологиялық апаты су ресурстарын ретсіз пайдаланудың салдары қандай қайғылы болатынын көрсетті, - деді Президент.

Қазақстан Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайды әрі аталған беделді институтпен ықпалдастықты жалғастыруға ниетті.

Өзгелердің жаңалығы