Тоқаев жануарларды қорғауға қатысты жаңа заңды бекітті

Президент бірқатар заңғадарға қол қойды.

 Ақорда Кеше 2026, 20:00
Кеше 2026, 20:00
516
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ішкі саясаты мен халықаралық ынтымақтастығы үшін маңызы зор бірнеше заңға қол қойды. 

Президент бекіткен құжаттар мемлекеттік аппаратты реформалауды, экологиялық жауапкершілікті арттыруды және елге шетелдік капитал тартуды көздейді.

Мемлекет басшысы басқару аппаратының тиімділігін арттыруға бағытталған екі негізгі заңды бекітті. Атап айтқанда:

  1. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
  2. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

Бұл түзетулер мемлекеттік қызметке іріктеу процесін ашық етуге, кадрлық әлеуетті күшейтуге және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қоғамда жиі талқыланатын сезімтал мәселелердің бірі заңнамалық деңгейде қайта реттелді. Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Жаңа құжат жануарларға қатыгездік көрсетудің алдын алуға, үй жануарларын ұстау ережелерін қатаңдатуға және бұл салаға жауапты тұлғалардың міндеттерін нақтылауға бағытталған.

Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы экономикалық позициясын нығайтатын екі маңызды халықаралық құжат ратификацияланды:

  1. Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық келісім: «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң. Бұл құжат екі ел арасындағы ірі бірлескен жобаларды қауіпсіз жүзеге асыруға және қос мемлекеттің инвесторлары үшін құқықтық кепілдіктер беруге жол ашады.
  2. Халықаралық Валюта Қорымен (ХВҚ) ынтымақтастық: «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Валюта Қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін өңірлік әлеуетті дамыту орталығына қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау туралы» Заң. Бұл келісім аймақтағы қаржылық тұрақтылық пен экономикалық зерттеулерді бірлесе дамытуға септігін тигізеді.

Заңдардың толық мәтіні баспасөзде жарияланады.

Наверх