Тоқаев Үкіметте кадрлық өзгерістер болуы мүмкін екенін айтты

23 Тамыз 2026, 12:41
АВТОР
 Ақорда 23 Тамыз 2026, 12:41
23 Тамыз 2026, 12:41
233
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет құрамында болуы мүмкін кадрлық өзгерістер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Брифингте журналистер Мемлекет басшысынан Құрылтай сайланғаннан кейін жасақталуы тиіс жаңа Үкіметтің негізгі міндеттері мен жұмыс бағыттарын қазірден айқындауға бола ма деп сұрады.

Үкімет жалпы алғанда жеткілікті деңгейде табанды жұмыс істеп, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жедел орындап келеді. Бүкіл әлемде бәсекелестік орта шиеленісіп барады. Нарық өз талаптарын қойып отыр. Оларға назар аударып, ең бастысы, тиісті түрде жауап беру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жекелеген кадрлық өзгерістер болуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын айтты. Алайда жалпы Үкіметтің жұмысына сын айтуға негіз жоқ екенін атап өтті.

Құрылтай сайлауы өтіп жатқан осы, бір жағынан, қасиетті күні сіздерге ашық айтайын: жалпы Үкіметтің жұмысына алаңдауға, тіпті оған сын айтуға ешқандай негіз жоқ. Министрлер де, Үкімет басшысы да барынша тырысып жұмыс істеп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың айтуынша, кадрлық ауыс-түйістер атқарушы билік жұмысының табиғи бөлігі саналады. Алайда олар тек біреуді қызметтен босату үшін жасалмауы керек.

Кадрлық өзгерістер әрдайым болады, өйткені бұл Үкіметке жаңа күш береді. Мәселе біреуді жұмыстан шығаруда емес. Мен әрдайым қызметтен қызмет үшін босатуға қарсымын. Қандай да бір жолмен медиаконтентті, қазіргі тілмен айтқанда, медиадағы ақпарат көлемін толтыру үшін жұмыстан босатуға қарсымын, – деді Президент.

Наверх