Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін «Аваза» кешеніне барды.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысын Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов қарсы алды.
Еске салсақ, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапары аясында Сердар Бердімұхамедовпен кездескен еді. Қазақстан мен Түрікменстан басшылары екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттары мен бірлескен жобалардың барысын қарастырды.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ТМД мемлекеттері басшылары ұлттық тағамдар фестиваліне қатысты. Фестиваль барысында мемлекеттер басшылары ТМД елдерінің ұлттық тағамдарын әзірлеу барысымен танысты. Түрікменстан павильонында жергілікті бақша және нан-тоқаш өнімдері, сондай-ақ түрікмен кілемдері қойылған көрме ұсынылды. Қонақтарға «Оғыздар» әдеби-сазды қойылымы да көрсетілді.