Тоқаев: Технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай серіктестігінің маңызды бағытына айналуы мүмкін

 Ақорда 2 Қыркүйек 2026, 10:43
2 Қыркүйек 2026, 10:43
203
Фото: Ақорда

Технологиялық ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Президент 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын атап өтті.

Жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін Шанхайға барған сапарымда Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім. Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін, – дейді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуге тиіс екенін атап өтті. Мемлекет заманауи технологияларға, білім мен есептеу ресурстарына әділ қол жеткізуі қажет.

Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз Қытайдың көзқарасымен үндеседі. Биыл шілде айында Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл – жасанды интеллект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіретін ашық әрі тиімді халықаралық жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан мен Қытай халықаралық аренада да белсенді әрі қарқынды ықпалдастық орнатып отырғанын айтты.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды басшылыққа аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанатынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы екенін атап өтті.

Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында Қытаймен өзара үйлесімді жұмысты жалғастырады. Сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін айтты.

Наверх