Тоқаев: Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді

 Ақорданың баспасөз қызметі 2 Қыркүйек 2026, 10:24
2 Қыркүйек 2026, 10:24
252
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының айтуынша, Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір.

Президент Қытай мен Қазақстанды ортақ шекара мен сан ғасырлық тату көршілік тарихы байланыстыратынын атап өтті.

Қазақ халқы «Жолы бірдің – жүгі бір» дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің көптеген саланы қамтып отырғанына назар аударды.

Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр, – деді Президент.

Мемлекет басшысы екіжақты сауда жаңа рекордтық көрсеткішке жеткеніне тоқталды. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр.

Президенттің айтуынша, екі ел ынтымақтастығындағы тағы бір стратегиялық бағыт – көлік және логистика. Қазақстан Шығыс пен Батысты тоғыстырып жатқан өңір ретінде өзінің географиялық артықшылығын тиімді пайдалануға ұмтылып отыр.

Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз. «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлде жаңа жүйесін қалыптастырып келеді, – деді ол.

Қазақстан басшысының айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының аса маңызды буынына айналып келе жатқан Орта дәлізді дамыту – ынтымақтастық аясындағы басымдықтардың бірі.

Ортақ міндетіміз – осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Сондықтан «ақылды кеден» жүйесін енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру мен шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңге өткенін де атап өтті.

Қазақстан мен Қытай арасында ықпалдастықтың жаңа белесі басталды. Бүгінде ынтымақтастық нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан бастап, цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейінгі кең ауқымды қамтиды, – деді Президент.

Наверх