Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев RES 2026 саммитінде “Таза Қазақстан” бастамасына миллиондаған адам қосылғанын айтып, экологияны қорғау - ортақ міндет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысы “Таза Қазақстан” жалпыұлттық қозғалысының маңызына тоқталды.
Қозғалысқа миллиондаған ерікті қосылды. Олар - Қазақстанның нағыз патриоттары. Ортақ іске үлес қосу – ел болашағын ойлайтын азаматтардың қолынан келетін іс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл бастама экологиялық сананы қалыптастырып, азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еріктілер қозғалысының рөліне ерекше тоқталды.
БҰҰ шешімімен биыл Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланды. Бұл бастаманы толық қолдаймыз, - деді ол.
Тоқаев еліміздің жаңа Конституциясында волонтерлік қызметке қолдау көрсету нақты бекітілгенін атап өтті.
Президент цифрландыру мен жасанды интеллекттің экологиядағы рөліне де назар аударды.
Жасанды интеллектсіз экологиялық мәселелерді тиімді шешу мүмкін емес. Бұл технология табиғи ресурстарды қорғау мен басқаруды жетілдіруге жаңа мүмкіндік береді, - деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Қазақстан аймақтық цифрлық экожүйе құру бастамасын қолдайтынын жеткізді.
Президент экология мәселесінің жаһандық маңызын да атап өтті.
Жер шарын қорғау - баршамызға ортақ міндет. Бұл тек экологиялық мақсат емес, адами парыз, экономикалық қажеттілік және бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, орнықты болашақ құру үшін бірнеше негізгі қағидатты ұстану қажет. Атап айтқанда:
- болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік;
- шекараға бөлінбейтін ынтымақтастық;
- ресурстар мен технологияларға әділ қолжетімділік;
- нақты нәтижеге бағытталған әрекет;
- мемлекеттер арасындағы бірлік.
Сондай-ақ саммит аясында Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы қабылданатыны айтылды.
Бұл біздің өңірлік серіктестікті нығайтуға дайын екенімізді көрсетеді, - деді Президент.