Тоқаев тарихи таңдау жасауға шақырды

3 Маусым 2022, 16:14
1436
Бөлісу:
Тоқаев тарихи таңдау жасауға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Референдум өткізу – Қазақстанда дамыған демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды қадам.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы референдумға байланысты жариялаған үндеуінде айтты.  

Ата заңға енгізілетін түзетулер жобасы елімізде бір ай бойы қызу талқыланды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қоғамда конституциялық реформаға қатысты пікірлер көп айтылып жатыр. Оның ережелері Президенттің артықшылықтары мен өкілеттігін күшейтуге емес, билік тармақтары арасындағы үйлесімді және тепе-теңдік жүйені нығайтуға, барлық азаматтың мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталған, - деді  Мемлекет басшысы.

Оның атап өтуінше, бүкіл халықтың Конституцияға енгізілетін өзгерістерге қатысты ерікті таңдауы Жаңа, Әділетті Қазақстанның берік іргетасын қалайды. Біз бірлесе отырып, шын мәнінде,  Жаңа Қазақстан құрамыз. Онда әлеуметтік әділдік жаңа қоғамдық келісімнің басты құндылығы және негізгі өзегі болады.

Референдум қоғамымыздың азаматтық кемелдігі мен саяси саналылығын бағалауға мүмкіндік береді. Референдумның орталық комиссиясы мен басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар сайлау заңнамасындағы барлық норманың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеді. Дауыс беру барысын халықаралық бақылаушылар мен еліміздегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалайды, - деді ол.

Президент атап өткендей, сайлау учаскесіндегі сіздің дауысыңыз қоғамдық өмірдің әділ әрі түсінікті жаңа ережелерін айқындауда маңызды және шешуші рөл атқаруы мүмкін. Сіз сайлау учаскесіне келу арқылы халқымыздың бірлігі мен ынтымағы мығым екенін көрсетесіз.

Бұрын-соңды болмаған құбылмалы геостратегиялық жағдайда және еліміздің алдында тұрған күрделі міндеттерді орындау үшін біздің бірлігіміз бекем, ынтымағымыз берік болуға тиіс. Шынайы демократия әрбір азаматтың ортақ іске белсенді әрі саналы түрде қатысуын білдіреді. Сіз жаңа түзетулерге дауыс бере отырып, жемқорлыққа, тамыр-таныстыққа, саясат пен экономикадағы монополияға батыл қарсы шығасыз, - деді Тоқаев.

Сондай-ақ ел Президенті халықты тарихи таңдау жасауға шақырды.

Өйткені, бұл Қазақстанның даму бағдарын айқындайды. Әрқайсыңыз біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлшегісіз және тұтас ұлттың болашағына ықпал ете аласыз. Демек, бұл – өз тағдырыңыз деген сөз. Отанымыздың тағдыры сіздерге байланысты. Алдағы референдум мемлекетімізді нығайтуға және қоғамды тың серпінмен дамытуға жол ашады. Мен әрбір азаматымызды ел тағдырын айқындайтын тарихи таңдау жасауға шақырамын. Бұл референдумда әр азаматтың дауысы – маңызды. Әрбір азамат тұтас ұлттың тағдырына, яғни тікелей өз тағдырына оң ықпал ете алады, - дейді Мемлекет басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы