Тоқаев Смайыловқа: Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма?

12 Желтоқсан 2022, 13:30
4084
Бөлісу:
Тоқаев Смайыловқа: Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма?
Фото: Ақорда

Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Әлихан Смайловтан осы сұрақтың жауабын сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу. Бұл – Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен Премьер-министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? – деп сұрады Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл мәселелер Мемлекет басшысының Премьер-министрмен және Парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керегін айтты. 

Алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі. Бұл міндеттер бүкіл ел азаматтарына қатысты. Сондықтан біз парасатты түрде, бірлігімізді сақтап, бәріміз бірге еңбек етуіміз керек. Келесі жылдың бірінші жартысында елімізде Парламент сайлауы өтеді. Мен ұсынған саяси реформалар бағдарламасына сәйкес заң шығару билігі және жергілікті өкілді органдар сапалық тұрғыдан маңызды өзгеріске ұшырайды. Үкімет те осы реформа үдерісінен тыс қалмауға тиіс. Бұл жұмыс бір уақытта, бір қарқынмен жүргізілуі керек. Сол себепті, мен барша Үкімет мүшелері осы мәселе жөнінде ойлануы керек деп санаймын. Халқымыздың игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарыңыз табысты болсын, - деп сөзін қорытындылады ол.

Өзгелердің жаңалығы