Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың жоспары қашан толық талқыланатынын айтты

8 Ақпан 2022, 12:18
1468
Бөлісу:
Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың жоспары қашан толық талқыланатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. 

Отырыста «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады. 

Өз кезегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  «Самұрық-Қазына» қоры бойынша, реформаларды іске асыру жоспарын 10 күннен кейін қайта толығырақ талқыланатынын жеткізді. 

Бұл реформалар өте маңызды. Мен Мәжілістің отырысында сөйлеген сөзімде қорды шындап қайта құрылымдау қажеттігіне баса назар аудардым, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы Қор жұмысын реформалауда қандай мәселелерге басты назар аудару керегін де жеткізді. 

Ең алдымен, бұл - мемлекеттік сатып алудың ашықтығы. Бұл туралы мен осымен үшінші жыл айтып келемін. Әзірге шынайы өзгерістерге қол жеткізіле қойған жоқ. Онымен бірге бұл тендерді ашық өткізуге де байланысты. «Самұрық-Қазына» құрылыс және қайта жарақтау саласында ауқымды жұмыс атқарады. Әдетте белгілі бір компания ғана тендерді ұтып, кейін жұмысты қосалқы мердігерлерге береді. Бұл, әрине, біріншіден, жұмыстың сапасына, екіншіден, баға өлшемдеріне қатты әсер етеді, -деді Тоқаев.


 

Өзгелердің жаңалығы