Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды. Осындай маңызды сәтте мен тағы бір мәрте Сенат пен Мәжілістің басшылығына және депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Себебі сіздер мемлекетіміздің игілігі үшін адал әрі қажырлы еңбек еттіңіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын батыл көтеріп, ұлт мүддесін бәрінен биік қоя білдіңіздер, - деп айтты Тоқаев.
Президенттің сөзінше, жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер уақыты. Тоқаев депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлайтынын айтты.
Қазақстан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын. Сондай-ақ бүгін мен «AMANAT» партиясының фракциясына және барлық мүшелеріне белсенді, байсалды және жасампаз ұстанымдары үшін алғыс айтамын. Сіздер шынайы отаншылдық пен азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келесіздер. Саяси ұйымның таяуда өткен съезінде «ӘДІЛЕТ» партиясына қосылу туралы стратегиялық шешім қабылданды. Мен бұл тарихи шешімді қолдаймын. Бүгінгі таңда барлық озық әрі жасампаз күштер жалпыұлттық құндылықтар мен ортақ мақсаттарға бірігуде. Мұндай қадам елімізде қолға алынып жатқан түбегейлі реформаларға тың серпін берері сөзсіз, - деп айтты Мемлекет басшысы.
Президент айтқандай, түптеп келгенде, баршамыздың мұратымыз – бір. Бұл – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын өркениетті әрі озық мемлекет құру.
Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің ойдағыдай дамуы бізге ғана керек. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, біз кез келген белесті бағындырамыз, көздеген мақсатымыздың бәріне қол жеткіземіз. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін! Осы жолда аянбай еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Қазақ елі мәңгі жасасын! – деп сөзін қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев жасампаз ел болу үшін ең алдымен мызғымас құндылықтарымызға арқа сүйеуіміз қажет екенін түсіндірді. Президент зиянды өндіріс қызметкерлерін қолдау, әлеуметтік қорғау және азаматтардың құқықтарын күшейтуге бағытталған заңдардың маңызын атап өтті.
Белгілі болғандай, Астанада жақында жаңа әуежайдың құрылысы басталады. Президент Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет екенін атап өтті.