Тоқаев қолға алынған реформалардың түпкі мақсатын айтты

19 Қазан 2022, 11:40
765
Бөлісу:
Тоқаев қолға алынған реформалардың түпкі мақсатын айтты

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысы жұртшылығымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазір әлемде өте күрделі ахуал қалыптасып отырғанын білесіздер. Халықаралық қатынастар жүйесі зор сын-қатерге тап болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының басты қағидалары бұзылды. Кейбір елдер бір-біріне оқ атып, халқының берекесін қашырды. Жұрт тұрақтылық пен тыныштықтың қаншалықты қымбат екенін түсіне бастады. Біз аумақтық тұтастығымыздың және тәуелсіздігіміздің қадірін білуге тиіспіз. Әрбір жан адал еңбек етіп, мемлекетімізді нығайтуға өз үлесін қосуы керек. Түптеп келгенде, тәуелсіздіктің баянды болуы әр азаматтың қолында екенін ұмытпайық, ағайын! – деді Президент.

Сондай-ақ ол қазір қолға алынған реформалардың түпкі мақсатын айтты.

Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары қоғамда әділдік қағидаты әлсіреп кетті. Азаматтарға әрбір салада бірдей мүмкіндік берілмеді. Осының бәрі жұрттың билікке деген сенімін азайтты. Наразылық тудырып, тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірді. Бұл – дұрыс емес. Шын мәнінде, мемлекеттің мықты болуы әлеуметтік әділдіктен бастау алады. Біз Қазақстанды өркендетеміз десек, осы тұжырымды қоғам санасына біржола орнықтыруға тиіспіз. Әділдік болса, халқымыздың бәсекеге қабілеті артады. Тұрғындардың тұрмыс сапасы және әл-ауқаты жақсарады. Саяси жүйе де тың қарқынмен дамиды. Қазір қолға алынған реформалардың түпкі мақсаты – осы, – деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы