Тоқаев: Қазақстан Қатарға халал өнімдерін жеткізетін сенімді серіктес бола алады

14 Ақпан 2024, 19:43
305
Бөлісу:
Тоқаев: Қазақстан Қатарға халал өнімдерін жеткізетін сенімді серіктес бола алады
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар компанияларын кобальт, литий және басқа да әлем экономикасына қажет аса маңызды шикізат түрлерін өндіру және өңдеу ісіне атсалысуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артатынын атап өтті.

Қазақстан территориясы жағынан әлемде 9-орын алатын әрі жерінің 70 пайызы ауыл шаруашылығына жарамды ел ретінде Орталық Азиядағы астықты өлке саналады. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері 80-нен астам мемлекетке экспортталады. Аталған саладағы өнімділікті үш есе арттыру арқылы экспортты екі есе ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қазақстан Қатар нарығына халал және табиғи таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізетін сенімді серіктес бола алады. Hassad Food компаниясы елімізде бидай мен бұршақты терең өңдейтін зауыт салуға қызығушылық танытып отырғанын білемін. Біз бұл бастаманы қолдауға әзірміз. Сондай-ақ ет, жеміс-жидек, көкөніс, астық, ұн және басқа да өнімдер өндірісін дамытуға әрі оларды алдағы уақытта Қатар еліне тікелей тасымалдау ісін жолға қоюға мүдделіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, цифрландыру секторы – екі елдің күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі. Қазақстан мен Қатар жетекші технологиялық орталыққа айналуға ұмтылады.

БҰҰ Қазақстанды цифрлық технологияларды бейімдеу бойынша үздік отыз елдің қатарына қосты. Соңғы үш жыл ішінде IT саласындағы экспорт 16 есе ұлғайып, шамамен 500 миллион долларды құрады. Бәсекеге қабілетімізді арттыру үшін суперкомпьютерлер мен деректерді өңдеу орталықтарын құра отырып, жасанды интеллектінің жаңа технологияларын әзірлеуге кірістік. Көршілес елдермен бірге Каспий теңізінің табаны арқылы оптикалық-талшықты байланыс желісін жүргізуді және Шығанақ елдерімен оптикалық байланыс желісін кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруды көздеп отырмыз. Power International Holding компаниясының Қазақстандағы телекоммуникация нарығында негізгі ойыншылардың біріне айналу жоспарын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты.

Өзгелердің жаңалығы