Қазақстан ауыл шаруашылығын толық цифрландырып, агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдеудің өңірлік орталығына айналуды көздеп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз ету – стратегиялық міндеттің бірі
Бүгінде жасанды интеллект пен заманауи автоматтандыру технологиялары жаңа аграрлық революцияның өзегіне айналып келеді.Мұның бәрі егістік өнімін айтарлықтай арттырып, суды үнемдеп пайдалануға және қоршаған ортаға келетін зиянды елеулі түрде азайтуға мүмкіндік береді. Бұл үдерістердің маңызды екенін жақсы түсінеміз. Дәлме-дәл жоспарлау және болжамды сараптама үшін цифрлық технологияларды қолдану арқылы еліміз екінші жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Осы нәтижені сақтап қалу үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын толық цифрландыруға кірістік. Ұшқышсыз ұшатын аппараттарды, жерсерік навигацияларын және автоматтандырылған метеорологиялық станцияларды жедел іске қоса бастадық, - дейді Президент.
Сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия беру ісі цифрлық форматқа көшірілуде.
Бұл әкімшілік рәсімдерді едәуір қысқартады. Мал шаруашылығында да интеграцияланған цифрлық платформа іске қосылды. Соның арқасында қағаз жүзіндегі құжат айналымынан бас тартуға және деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Бүгінде 200-ден астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны «ақылды ферма» форматында жұмыс істей бастады. Яғни шаруашылықтар озық цифрлық технологияларды пайдалану мен деректерді талдау негізінде басқарылады. Бұдан бөлек, өндірушіден тұтынушыға дейінгі жеткізу тізбегінің толық ашықтығын қамтамасыз етіп, өнім қозғалысын бақылайтын цифрлық жүйе енгізіліп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Қазақстанның түпкі мақсаты – тек ауыл шаруашылығын дамытып қоймай, елімізді агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдейтін өңірлік орталыққа айналдыру.
Біз шикізат экспорттаумен шектеліп қалмай, ел ішінде қосылған құны жоғары өнім шығаруға ұмтыламыз. Ол үшін, ең алдымен, тамақ өнеркәсібін дамытуға, озық технологияларды енгізуге және орнықты өндірістік-нарықтық тізбекті қалыптастыруға басымдық беру өзекті. Аталған салада өндірістік циклдің барлық кезеңіне инвестиция салуға мол мүмкіндік бар. Біз жасанды интеллект, роботтандыру технологияларын және Индустрия 4.0 шешімдерін тамақ өнеркәсібіне белсенді түрде енгізе бастадық. ЖИ негізінде сапаны бақылау жүйесі, құрал-жабдыққа болжамды қызмет көрсету технологиясы, автоматтандырылған өндірістік желі және жеткізу тізбегін интеллектуалды басқару өнеркәсіп тиімділігін айтарлықтай арттырады, жоғары өнім сапасы мен қатаң сақталатын халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестікті қамтамасыз етеді, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар интеллектуалды логистика жүйелеріне, автоматтандырылған қойма кешендеріне, мұздатқыш инфрақұрылымына және заманауи қаптама технологияларына инвестиция салу агроөнеркәсіп саласындағы бір-біріне толықтай кіріктірілген, яғни өндірістік-нарықтық цифрлық тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық инвесторларды, жетекші азық-түлік өндірушілерді, технологиялық компанияларды және ЖИ шешімдерін әзірлеушілерді осы ауқымды трансформацияға атсалысуға шақырамыз, – деді Президент.