Тоқаев Қатар Әмірін «Алтын қыран» орденімен марапаттады

12 Қазан 2022, 11:57
1064
Бөлісу:
Тоқаев Қатар Әмірін «Алтын қыран» орденімен марапаттады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді «Алтын қыран» орденімен марапаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоғары мәртебелі шейх мырза! Сіз қазақ-қатар қарым-қатынасын тұрақты дамытуға өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз оны жоғары бағалаймыз. Мен осы саладағы айрықша тарихи рөліңізді ескере отырып, Сізді «Алтын қыран» орденімен марапттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – Қазақстан Республикасының ең жоғарғы наградасы. Сондықтан, осы марапат екіжақты қатынастар жылнамасына алтын әріппен жазылары сөзсіз. Мен достығымызды нығайтып, береке-бірлігімізді арттыра түсу үшін бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын, - деді Президент бірлескен мәлімдеме барысында.

Орден табыстау рәсімінде Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің халық алдындағы абырой-беделін, ел басқару ісіндегі даналығы мен ерекше тұлғалық қасиеттерін, әлемдегі бейбітшілікті сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан зор үлесін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Дохада өткен кездесуде шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен стратегиялық серіктестік орнату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін, екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни өз кезегінде елімізге екінші рет келіп отырғанын айтып, осы ретте Қазақстан Республикасының ең жоғарғы наградасын табыс еткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

Өзгелердің жаңалығы