Тоқаев: Қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою керек

5 Қазан 2023, 12:27
1097
Бөлісу:
Тоқаев: Қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою керек
Фото: Арман Мухатов - архив

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындап отыр. Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды, - деді Тоқаев. 

Оның айтуынша, "мектебі бар ауылда тіршілік бар" деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады. Онда қоғамдық жиындар, мәдени іс-шаралар, спорт сайыстары өтеді.

Ал ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде бір мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет. Ауыл мектептерінің кітапханаларын дамыту мәселесіне баса мән берген жөн. Кітапханада қажетті кітаптың бәрі болуы керек. Яғни, әдебиет қала және ауыл оқушыларына бірдей қолжетімді болуға тиіс. Балаларға тең мүмкіндік беру үшін білім сапасын барлық аймақта бірдей жақсарту керек. Отбасы жағдайына, өскен ортасына қарамастан, барлық баланың сапалы білім алуға қақы бар, - деп тапсырды Президент,

Өзгелердің жаңалығы