Тоқаев: Nur Otan партиясына төрағалық ету – аса жауапты жұмыс

28 Қаңтар 2022, 15:20
2060
Бөлісу:
Тоқаев: Nur Otan партиясына төрағалық ету – аса жауапты жұмыс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезінде сөйлеген сөзінде айтты.

Nur Otan партиясына төрағалық ету – аса жауапты жұмыс. Осы міндетті атқаруды маған ұсынып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, - деді Президент.

Тоқаев халықтың қаңтардың алғашқы күндері бастан кешірген қайғылы оқиғасына тоқтала кетті.

Өздеріңізге мәлім, қаңтар айының басында халқымыз қайғылы оқиғаларды бастан өткерді. Өкінішке қарай, бейбіт митингілерді радикалды күштер өз мақсатына пайдаланып кетті. Лаңкестер мемлекетімізге шабуыл жасап, ел тыныштығын бұзды. Олар билікті басып алуға тырысты. Біз шұғыл шаралар қабылдап, лаңкестерге, қарақшыларға тойтарыс бердік. Заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қалпына келтірдік. Мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалдық, - деді ол.

Тоқаев атап өткендей, құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізіп жатыр.

Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз.Бұдан былай мұндай қасіретке жол бермейміз. Халқымыз бірлігінің арқасында осы сын-қатерге төтеп берді. Қазір алдымызда барлық саланы қайта жаңғырту міндеті тұр. Бұл – мемлекеттік аппаратты ғана жаңарту деген сөз емес, - деді Президент съезде.

Өзгелердің жаңалығы