Президент денсаулық сақтау жүйесіндегі шешімін таппаған мәселелерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметте өтіп жатқан еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте мәлімдеді.
Ұлттың дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе. Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы саланы дамытуға тың серпін береді деп үміттенеміз. Алайда бұл жүйедегі қаржы айналымына бақылау жасалмайды, - деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар ол ақпараттандырудың төмен деңгейі медициналық қызметкерге жүктеменің айтарлықтай артуына алып келді деп отыр.
Медсақтандыру қорының өңірлік комиссиясының қызметі әділ емес. Бұл денсаулық сақтау шығындарының өсуіне жол ашады. Медициналық қызметті бақылаусыз тұтыну аясында қымбат диагностикалық қызметтің көлемі 11 есеге артты. Елдегі стационарларда өткен жылдың соңында қаржы тапшылығы қатты байқалды. Бұл дегеніміз қаражаттың шын мәнінде маңызды бағыттан басқа жаққа бұрылатынын көрсетті. Үкімет өңір әкімдерімен бірлесіп Медсақтандыру қорының өңірлік филиалдарының қызметіне ревизия жүргізу қажет. Жемқорлықтың орын алу қаупі мен дәрімен қамтамасыз ету мәселесі сақталып отыр, - деді Мемлекет басшысы.
Президент оған жоспарлаудың тиімсіз жүйесі себеп болғанын айтты.
Әлі күнге дейін медициналық ұйымдар дәрілік құралдарға қажеттілікті «қолмен» жасайды. Медициналық техника бағасының өсуі де байқалды. Денсаулық сақтаудың интеграциялық платформасын іске қосу мәселесі шешілген жоқ. Жұмыс жүргізілуде және Үкіметтің жоспары көп. Бірақ тиімді және шұғыл іске асыру маңызды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін Президент білім саласын сынады. Ол білімді қалай объективті бағалау керегін ойластыруды тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз екенін атап өтті. Айтуынша, жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Сол себепті тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек.