Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз - Тоқаев

19 Сәуір 2023, 11:55
691
Бөлісу:
Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз - Тоқаев
Фото: depositphotos.com

Біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол назар аударатын мәселенің бірі жас ұрпақтың қауіпсіздігі екенін атап өтті.

Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек, - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек.

Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тоқаев Қазақстан «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ ол  «ОСИ» реформасын қолға алғанда, қатты қателескенімізді алға тартты.

Өзгелердің жаңалығы