Тоқаев латын әліпбиіне көшуге қатысты проблемаларды атады

16 Маусым 2022, 17:27
2205
Бөлісу:
Тоқаев латын әліпбиіне көшуге қатысты проблемаларды атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт мәлімдеді. 

Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан, тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек, - деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде. 

Сондай-ақ ол латын әліпбиіне көшу мәселесіне тоқталды. 

Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ  ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн. Бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырыстық. Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн, - деп атап өтті Президент. 

Сонымен қатар ол қазақ тіліне қатысты Тіл білімі институтына тапсырма берді. 

Мен Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа орфографиясы туралы арнайы еңбек әзірлеуді тапсырдым. Содан кейін ғана латын әліпбиіне ауысу жөнінде айтуға болады. Асығыстыққа жол бермеуіміз керек. Тіпті, көшедегі билбордтар мен министрліктердің атауына қарасақ та жеткілікті. Тіліміз бұрмаланып кетті. Ашығын айту керек, бұл қазақ тілінің табиғатына жат, тіпті, тілімізді мазақ қылу сияқты көрінеді. Мұндай үстірт жасалған тіл реформасының қажеті жоқ. Бізге нақты реформа керек, - деді Мемлекет басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы