Тоқаев: Ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да аса қырағы болу керек

7 Қараша 2022, 13:13
1051
Бөлісу:
Тоқаев: Ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да аса қырағы болу керек

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елге қажетті шаралар асықпай, біртіндеп жүзеге асырылып жатыр. Біз саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, орнықтыруымыз қажет. Кез-келген мәселеде келіссөз арқылы, диалог арқылы мәмілеге келу керек. Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде сіздер ел тағдырына жауапкершіліктің үлгісін көрсеттіңіздер. Сол күндерде мұнда адам өлімі болған жоқ. Мемлекеттік және қоғамдық орындар шабуылға ұшыраған жоқ. Елге жанашырлық деген – міне, осы, - деді Президент.

Мемлекет басшысы адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ екендігін айтты.

 Қандай күрделі мәселенің өзін айғай-шу, дау-дамайсыз сабырмен шешуге болады. Біз ішкі және сыртқы саясатта осы ұстанымды сақтаймыз. Өйткені, тұрақтылық, татулық және тыныштық – барлық табыстың көзі. Бұл – ақиқат, - деді Тоқаев.

Ол ең алдымен заң мен тәртіп керек екендігін айтты.

Жалпы, бізге, ең алдымен, заң мен тәртіп керек. Заңдарымыз әділ, тәртібіміз қатаң болуға тиіс. Қазіргі жағдайда басқаша болуы мүмкін емес. Тұрақтылық, тыныштық болмаса, ешқандай даму болмайды, - деді ол.

 Ол ішкі саясатта да, сыртқы саясатта  аса қырағы болу керектігін айтты.

Шын мәнінде, Отанымыз – бір, халқымыз да – бір. Бұл – ең басты қағидат. Қазақстанды көре алмайтын елдер бар екеніне бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да аса қырағы болуымыз керек. Отанымыздың ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған саясатты жоғары кәсіби деңгейде жүргіземіз. Сөз реті келгенде мен тағы бір маңызды мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Мен еңбек құндылығы туралы үнемі айтып жүрмін. Біздің қоғамда еңбек адамы ең құрметті адам болуға тиіс. Әркімге еңбегіне сай, лайықты жалақы төленуі керек. Еңбектің қадірін білетін жұрт қана еңбекқор ұлтқа айналады. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы