Мемлекет басшысы Hyundai Motor Group корпорациясының президенті әрі стратегия және жоспарлау жөніндегі бөлім жетекшісі Сунг Кимді қабылдады.
Кездесуде инвестициялық және өнеркәсіптік-технологиялық ынтымақтастық аясын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда жаңа ауқымды жобаларды іске асыру перспективасы талқыланды.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
Оған корей тарапынан Hyundai Motor Group тобына кіретін Hyundai Engineering мен Kia автоконцерндерінің өкілдері қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Motor Group корпорациясы Қазақстанның автокөлік өнеркәсібін дамытуға айтарлықтай үлес қосқанын атап өтіп, өндірісті локализациялауды одан әрі тереңдету, автобөлшектерді көптеп шығару және экспорттық саладағы әлеуетін нығайту шараларының маңызына тоқталды. Бұл ретте Алматыдағы Hyundai және Қостанайдағы Kia зауыттары ерекше рөл атқарады, - делінген Ақорданың хабарламасында.
Осы орайда, Президент Қазақстанды автомобиль өндірісі мен экспорты бойынша ірі өңірлік орталыққа айналдыру, өндірістің толық циклін дамытуға ден қою сынды перспективті міндеттер айқындалғанын айтты.
Мемлекет басшысы серіктестіктің тағы бір маңызды бағыты ретінде электр көлігі саласына, яғни электромобиль өндірісі, оның қосалқы бөлшектері мен қуаттау инфрақұрылымын жасақтауға назар аударды.
Сунг Ким Hyundai мен Kia жобаларына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Hyundai Motor Group жетекшісі компания үшін Қазақстан нарық қана емес, ТМД елдері бойынша маңызды өңірлік орталық саналатынын жеткізді.
Ол корпорацияның Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтуге және өндірісті локализациялауды арттыруға ниетті екенін растады.
Бұдан бөлек, Hyundai Engineering басшылығы мұнай-газ, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті.
Kia компаниясының өкілдері Қазақстанның ұлттық автомобиль брендін қалыптастыруға үлес қосу ниетін мәлімдеді.
Кездесу соңында Батыс Қазақстан облысында газ өңдеу зауытын салу туралы QazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Kazakhstan компаниялары арасында, сондай-ақ Hyundai Tucson жаңа моделінің өндірісі жөнінде Hyundai Motor Company мен Astana Motors компаниялары арасында келісімдерге қол жеткізілді.