Тоқаев: Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік байқалады

12 Сәуір 2024, 13:18
289
Бөлісу:
Тоқаев: Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік байқалады
Фото: Ақорда

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырыс кезінде Мемлекет басшысы медицина ғылымында нәтижелі ізденістер бар екенін айтты. Айтуынша, қатерлі ісікке қарсы отандық ғалым Дос Сарбасов ойлап тапқан бірегей препарат – соның жарқын мысалы. 

Мұндай жобаларды жан-жақты қолдау керек. Ғалым Сарбасовтың Қазақстанда клиникалық зерттеулер хабын құру жөніндегі ұсынысын ескерген жөн деп санаймын. Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік байқалады. Мықты университеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкеп соқтырады. Ғылым мен жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық басымдық орталықтарын құруды тапсырған едім. Үкімет жоғары оқу орындарының зерттеушілік бағытын дамытып, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы осы жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруы керек. Мұндай орталықтар көптеген елде табысты жұмыс істейді. Бұл елдердің экономика құрылымында ғылыми инновация мен білім беру қызметтері экспортының үлесі зор. Өңірлік университеттердің ғылыми әлеуетін жас ғалымдар күшейте алады. Мұны дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Себебі олар мобильді әрі өзгерістерге тез бейімделеді. Оларды өңірлік жоғары оқу орындарында еңбек етуге және зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынталандыратын пәрменді механизмдер қажет. Жалпы, Үкімет ел аумағындағы ғылыми орталықтар мен институттарды қолдап, дамыту үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдағаны жөн, - деді Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы