Тоқаев: Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн

22 Қазан 2022, 10:59
1918
Бөлісу:
Тоқаев: Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баршаңызды еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат. Қазақта «Егемен болмай, ел болмас» деген терең мағыналы сөз бар. Кейде «Азаттық Қазақстанға кездейсоқ бұйырды, еліміз тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялады» деген біржақты, үстірт тұжырымдар айтылып қалатыны жасырын емес. Бұл – сол кездегі жағдайды дұрыс бағамдай алмаған адамдардың сөзі. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары және зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасы кезінде айқын көрінді. Егемендік декларациясын халықтың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын. Егемендік декларациясы – тәуекел мен дипломатияның, ақыл мен сабырдың жемісі. Осы тарихи құжаттың әсері көп ұзамай байқала бастады. Біз қоғамның іргетасын жаңартып, жаңа белестерге ұмтылдық. Қазақстан қиын өткелден өтіп, іргелі ел болуға бағыт ұстады, – деді ҚР Президенті Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім кезінде.

Сондай ақ Президент республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылатынын айтты.

Ұлы Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық баса» отырып, ешқандай дүрбелеңсіз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ең бастысы – біз бабалар аңсаған азат елге айналдық. Әлем мойындаған, құрмет тұтқан мемлекет атандық. Мұның барлығы – бүкіл халқымыздың ортақ еңбегінің жемісі. Республика күнінің басты құндылығы – осында. Біз әділеттілік туралы айтсақ, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің егемендікке жетуіне қосқан елеулі үлесі жөнінде айтуымыз керек. Түптеп келгенде, тәуелсіздікке қалай қол жеткізіп, баянды ете алғанымыз маңызды. Өкінішке қарай, бұл күн елімізде біраз жыл өз деңгейінде атап өтілген жоқ. Бірақ, тарихи әділдік орнады. Мен Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсындым. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан, осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ. «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені, азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қуатты және қарқынды даму жолына түскен мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады. Халқы жасампаз, отаншыл және еңбекқор ел ғана толағай табысқа жетері анық. Сондықтан, біздің осы жолдағы бағдарымыз – баршаға айқын. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін» қағидасы басты ұстанымға айналды. Мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтамыз десек, бізге, ең алдымен, өзара жауапкершілік және тілектестік идеологиясы аса қажет. Себебі, егемен еліміздің тағдыры – әр азаматтың қолында. Бұл – үлкен борыш. Осыны терең түсінуіміз керек. Енді елімізге барша халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде, азаматтарымыздың сұранысына сай келетін идеология қажет. Ашығын айтқанда, бізге жасанды қағидалар емес, барша азаматтардың көңілінен шығатын, олардың жүрегіне жылы тиетін шынайы өмірде қажет болатын дұрыс бағыт-бағдар керек. Бүгінде халқымыз бір ел болып жұмылып, тұтастықта өмір сүріп жатыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай. Біздің ішкі тұрақтылығымыз – еліміздің одан әрі дамуының маңызды шарты және еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін фактор. Қазақстан дүние жүзіне озық дамуға бет алған және барша әлемге ашық мемлекет ретінде, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы негізінде халықаралық қатынастардың әділетті жүйесін құруды көздеген ел ретінде танымал. Конституция – мемлекеттігіміздің кепілі. Соған сәйкес еліміздің әрбір азаматы біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлігі әрі ел тағдырына ықпал ететін қоғам мүшесі. Ата заңымыз әр адамға осындай құқық беріп отыр, – деді Президент.

 

Өзгелердің жаңалығы