Тоқаев: БАӘ көп жылдан бері әлемдік туристік нарықта мойындалған көшбасшы

27 Қаңтар 2020, 21:36
1411
Бөлісу:
Тоқаев: БАӘ көп жылдан бері әлемдік туристік нарықта мойындалған көшбасшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес өкілдері қатысқан жиында сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелде Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы айтты.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша екі елдің айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Президенттің айтуынша, екіжақты күн тәртібі өзара тиімді жобалармен және бастамалармен үнемі толықтырылып отырады. Мемлекетаралық қарым-қатынастардың деңгейін жан-жақты қамтылған стратегиялық серіктестік ретінде сипаттауға болады.

2019 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында өзара тауар айналымы 2018 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,3 пайызға артып, 500 млн доллар болды. Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 2,1 млрд долларға жетсе, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріне құйған инвестициясы бір млрд долларға жетті. Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктерінің 350-ге жуық заңды тұлғалары, филиалдары мен өкілдіктері табысты жұмыс істейді. Бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде құны 11 млрд доллар болатын ауқымды жоспарымыз бар, – деді президент.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін Қазақстан мен Әмірліктердің әлеуеті зор екеніне және бүгінгі жоғары деңгейдегі кездесулер жаңа мүмкіндіктер мен перспективаларға жол ашатынына сенім білдірді.

Қазіргі уақытта Атырау облысында полипропилен өндірісі үшін құны 6,6 млрд доллар болатын мұнай-химия кешенін салу жобасын іске асыру үшін "Мубадала" инвестициялық компаниясымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазақстан экономикада қайта өңдеу өнеркәсібі мен индустриялық даму ісіне зор көңіл бөліп отыр. Бұл бірлескен жобамыздың жақсы үлгісі бола алатынын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президент өз сөзінде Біріккен Араб Әмірліктері бизнесмендерінің назарын ашылып жатқан ауыл шаруашылығы кооперациясындағы зор перспективаларға аударды. Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан органикалық және экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін араб нарығына жеткізу үшін жер, технология, логистика жағынан жақсы мүмкіндіктерге ие. Сонымен қатар, халал өнімдерді, мал еті мен құс етін өндіру, майлы дақылдарды қайта өңдеу жөніндегі бірлескен жобалар үлкен қызығушылық туғызады.

Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстаннан келетін туристер үшін алғашқы бестікке кіретін ең танымал бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы еліміздің өз азаматтарын тек демалу үшін жіберуге ғана емес, сондай-ақ, Әмірліктерден туристер тартуға ниетті екенін жеткізді. Осыған байланысты Қазақстан араб бизнесінің көмегіне үміт артады.  

Біз туризмді жұмыс орындарын ашатын әрі экономиканы әртараптандыруға ықпал ететін маңызды саланың бірі деп санаймыз. Екінші жағынан, БАӘ көп жылдан бері әлемдік туристік нарықта мойындалған көшбасшы саналады. Сіздердің компанияларыңыздың тиісті білімі, тәжірибесі мен ресурсы бар. Осыған байланысты сіздерді Қазақстанда туристік бағытты бірлесе дамыту үшін және осы саланы, шын мәнінде, халықаралық деңгейге көтеру үшін шақыруға ниеттіміз, – деді президент.  

Қаржы саласы – елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты. "Астана" халықаралық қаржы орталығы Әмірліктердің ірі банк және инвестициялық институттарымен тығыз ықпалдастық орнатқан. "Астана" халықаралық қаржы орталығы Орталық Азия мен Еуразия кеңістігіндегі ислам қаржылық қызмет көрсету хабы ретінде өз әлеуетін күшейтуде.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы ұлттық мұнай-газ компаниясы, темір жолдар, телекоммуникациялық компаниялар және басқа да кәсіпорындар сияқты ірі мемлекеттік стратегиялық активтерімізді IPO-ға шығаратын орын болады. Біз Abu-Dhabi Investment Authority және Mubadala сияқты компанияларды жекелеген корпорациялар мен әл-ауқат қорларын жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесмендерге арнаған сөзінде.     

Оның айтуынша, екіжақты экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту үшін жақсы база бола алатын, кен өндіру өнеркәсібі, металлургия, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм және басқа да салалар бойынша  құны шамамен 40 млрд доллар болатын инвестициялық ұсыныстар әзірленді.

Сонымен қатар, президент білім және ғылым саласындағы өзара ықпалдастықтың маңызы зор екенін атап өтіп, білім саласында жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобаларға тоқталды.  

Дөңгелек үстелде Abu Dhabi Global Market еркін экономикалық аймағы Директорлар кеңесінің төрағасы, Мемлекеттік министр Ахмед Али Әл Сайих, LuLu гипермаркеттер желісінің негізін қалаушы М.А. Юсуф Али, "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов, SABIS Emirates Kazakhstan Education Investment Group білім желісінің акционері Халед Әл-Кинди, International Community School мекемесінің басқарушы директоры Мұхаммед Әл Шамма және басқа да Біріккен Араб Әмірліктері бизнес топтарының өкілдері сөз сөйледі.

 

Өзгелердің жаңалығы