Тоқаев Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басшысымен кездесті

19 Қаңтар 2024, 19:04
445
Бөлісу:
Тоқаев Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басшысымен кездесті
Фото: Ақорда

Президент БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Италияға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Римдегі штаб-пәтеріне барды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Цюй Дунъюймен кездесуде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуын ілгерілетудің маңыздылығына назар аударып, Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығын нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Азық-түлік тапшылығы – жаһандық күн тәртібіндегі өзекті проблеманың бірі. Қазақстан бұл мәселені шешуге өз үлесін қосуға ұмтылады. Біздің еліміз дәнді дақылдар өсіру жөнінен алдыңғы қатарда. Бидай экспортының көлемі шамамен 6 миллион тоннаға жетеді. Біз астық және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйыммен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз тұқым шаруашылығын жетілдіру, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуына қарсы күрес, жасыл ауыл шаруашылығын ілгерілету, жер-су ресурстарын оңтайлы және тиімді пайдалану мәселелері бойынша БҰҰ сараптамалық қолдау көрсетеді деп үміттенеді. 

Қазақстан жергілікті бірегей ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін тұрақты өндіріс және сауда тізбектерін жетілдіруді көздейтін FAO-ның «Бір ел – бір негізгі өнім» бастамасына қатысады.

Өзгелердің жаңалығы