Тоқаев: Ауғанстан халықаралық лаңкестік топтардың ұясына айналмауына назар аударған жөн

3 Сәуір 2024, 12:20
625
Бөлісу:
Тоқаев: Ауғанстан халықаралық лаңкестік топтардың ұясына айналмауына назар аударған жөн
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Ауғанстан аумағы халықаралық лаңкестік топтардың ұясына айналмауы үшін бұл елдегі ахуалға ерекше назар аударған жөн.

Қазақстан Президенті аталған елдегі гуманитарлық дағдарыстың алдын алуға және ұзақмерзімді тұрақтылықтың сақталуына жағдай жасауға бағытталған жұмыстарды жалғастыру маңызды деп санайды.

Таяу Шығыстағы қақтығыс та қауіпсіздікке нұқсан келтіретін елеулі факторға айналып отыр. Оның қайғылы салдары бейбіт халыққа ауыр тиді. Аймақтағы тұрақтылыққа орасан зор зиян келді. Қақтығыс одан әрі ушығып кетпеуі үшін жоғары деңгейдегі дипломатия қажет. Жалпы, халықаралық жағдай шиеленісіп тұр деп айтуға болады. Дүниежүзі халқының тең жартысының атынан әрекет ететін біздің Ұйым қауіпсіз әрі әділетті әлем құру формуласын ұсына алатынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ашық саяси-дипломатиялық диалогты, өзінің жаһандық және өңірлік серіктестерімен конструктивті қарым-қатынас жасауды қолдайтынын мәлімдеді.

Біз Еуразиялық қауіпсіздіктің тұтастығы қағидатын ұстанамыз. Ол өзара түсіністік пен сенім шараларына негізделген. Мұндай тәсіл ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік белдеуін қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндеттің негізі болуға тиіс. Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен мемлекеттердің тату өмір сүруін қамтамасыз етуге өз үлесін қосуды ұйымға төрағалығының басымдығы ретінде атады. Сондықтан біз ШЫҰ-ның «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын бірлесіп әзірлеп, қабылдауды ұсындық. Қазақстан тарапы осы аса маңызды құжаттың жобасын талқылау барысында аталған мәселеге дипломатиялық тұрғыдан қарауға дайын, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев қақтығыстармен және лаңкестік әрекеттердің белең алуымен қатар, климат дағдарысы, азық-түлік, су, көлік және энергетикалық қауіпсіздік салаларында сын-қатерлер байқалатынына назар аударды.

ШЫҰ заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы қолданатын әдіс-тәсілдерін күшейтуі қажет. Бұл бағытта белсенді әрі мейлінше нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бастапқы кезеңде Қазақстанның ұсынысы бойынша ШЫҰ қызметін жетілдіру процесі басталды. Ұйымның әлеуетін өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің пәрменді құралы ретінде пайдалану керек. Бұл мақсатқа жету үшін қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесулері маңызды рөл атқарады. Сіздер ұлттық қауіпсіздіктің әртүрлі бағытына жетекшілік етесіздер. Қазір сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресу үшін біртұтас әрі біріккен жұмыс тәсілі өте маңызды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.

Өкінішке қарай, әлемдегі жағдай жақын арада жақсара қоймайтын сияқты. Елдеріміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін сын-қатер әлі де бар десек, артық айтқандық емес. Бұл мемлекеттеріміздің Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында бірігуі қажет екенін көрсетеді. Сол арқылы сырттан келетін барлық қауіпті тойтаруға және жоюға бағытталған бірлескен күш-жігер мен нақты шаралар қабылдаймыз. Сондықтан біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне бұрын да, қазір де баса назар аударамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы