Мемлекет басшысы Дүнижүзілік банктің вице-президенті Антонелла Бассанимен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Антонелла Бассаниді Дүнижүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банк осы уақытқа дейін Қазақстандағы түрлі жобаларға 8 миллиард доллардан астам қаржы бөлгенін атап өтіп, қаржы институтының елімізбен серіктестігі жалғасын табатынына сенім білдірді.
![Тоқаев Антонелла Бассаниді жаңа қызметімен құттықтады](/userfiles/images/photo_5193153985794657287_y.jpg)
Президент елімізде көмірсутегі бейтараптығына жету үшін 2035 жылға дейін жалпы қуаты 10 ГВт «таза» энергия өндірісін іске қосу, сондай-ақ Транскаспий көлік бағдарын дамыту жобалары жоспарланып отырғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Дүниежүзілік банк тарапынан ұзақмерзімді инвестицияға мүдделі екенін растады. Антонелла Бассани Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дүниежүзілік банктің Қазақстанда және Орталық Азия аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалары мен алдағы жоспарлары жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ ол жаһандық экономиканың дамуына қатысты өзінің пікірін айтты.