Тоқаев әлеуметтік көмекті кімдерге төлеу керек екенін айтты

7 Ақпан 2024, 11:50
1244
Бөлісу:
Тоқаев әлеуметтік көмекті кімдерге төлеу керек екенін айтты
Фото: Арман Мухатов - архив

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік салаға қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік салаға айрықша назар аударған жөн. Реформа жүргізген кезде әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін түгел қайта қарау қажет. Яғни, бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беру керек. Қазіргі таңда 4,5 млн-ға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар, - деп айтты Тоқаев.

Мемлекет басшысы көмек оған мұқтаж адамдарға берілуі керегін жеткізді.

Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет. Жалпы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн. Себебі мемлекеттен көмек алу үшін табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар бар. Әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс. Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет, - деп айтты Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Тоқаев атап өткендей, азаматтарды еңбекпен қамту – халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты.

Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақытылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек, - деп тапсырды Президент.

Өзгелердің жаңалығы