Тоқаев: Әлемде жаңа экономикалық географияның қалыптасып жатқанына куә болып отырмыз

14 Қыркүйек 2023, 16:56
802
Бөлісу:
Тоқаев: Әлемде жаңа экономикалық географияның қалыптасып жатқанына куә болып отырмыз
Фото: BAQ.KZ - архив

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуіндегі баяндамасы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдер арасындағы көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды іске асырудың маңыздылығы туралы айтты.

 ҮШІНШІ. Елдеріміздің көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды іске асыру. Бұл сала, шын мәнінде, аймақтың қарқынды дамуы үшін тірек бағыты бола алады. Біз әлемде жаңа экономикалық географияның қалыптасып жатқанына куә болып отырмыз. Қытай, Еуропа, Ресей, Таяу Шығыс бағыттарындағы сауда-саттық ауқымы ұлғаяды деген болжам бар. Орталық Азия Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын жаһандық жолдардың торабында орналасқан. Бұл – аймақтың келешегіне кең жол ашатын елеулі артықшылығымыз. Қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағдары ерекше рөл атқарады. Орта мерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі бес есе ұлғаюы мүмкін. Біз цифрлық шешімдер енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту арқылы оның өткізу қабілетін жоспарлы түрде арттыруға ниеттіміз, - деді ол.

Сонымен қатар Президенттің сөзінше, бауырлас мемлекеттермен бірлесіп, өңір ішіндегі сауда-саттыққа кедергі келтіретін «осал тұстарды» реттеу үшін көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастыру өте маңызды.

Бізге бауырлас мемлекеттермен бірлесіп, өңір ішіндегі сауда-саттыққа кедергі келтіретін «осал тұстарды» реттеу үшін көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастыру өте маңызды. Қазақстан жақын серіктестерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін бірқатар ірі жобаны жедел жүзеге асыруды көздейді. Бұл жерде «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобалары, сондай-ақ «Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы» автомобиль жолы туралы сөз болып отыр. Жалпы, Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті, - деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы