Тоқаев: Әділетті қоғамды құру үшін халық әр іске жауапкершілікпен қарап, бір-біріне жанашыр болуы қажет

10 Қараша 2026, 12:33
АВТОР
 Ақорда 10 Қараша 2026, 12:33
10 Қараша 2026, 12:33
90
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен Тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс екенін айтты. 

«Біз әділетті қоғам боламыз десек, әр іске жауапкершілікпен қарап, бір-бірімізге жанашыр болуымыз қажет. «Таза Қазақстан» идеясына сай табиғатқа қамқор көзбен қарап, болмысымызды, ниетімізді және тілімізді таза ұстау маңызды. Өркениетті қоғамда дөрекі сөйлеуге, біреудің ар-ожданына нұқсан келтіруге, өзгелерді кемсітуге, қоқысты көшеге немесе қоғамдық жерлерге лақтыруға, кез келген жерге түкіруге, қоғамдық дүниені бұзып, сындыруға жол берілмейді және ондай әрекет заң бойынша жазаланады. Бұл – барлық құқық қорғау мекемелеріне қатысты жеке және өте маңызды тапсырмам, - деді Президент. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Отанымызды жаңа өркениетті деңгейге көтеру қажет екеніне тоқталды. 

Осы өзекті жұмыста қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін көтеру, күшейту, дәріптеу тарихи міндет я миссия десек, артық болмас. «Заң мен Тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс. Өйткені заң мен тәртіп үстемдігі – мемлекеттілігімізді нығайтудың, Егемендігімізді қорғаудың бірден-бір шарты. Өкінішке қарай, кейбір теріс пиғылды адамдар «Заң мен тәртіп» қағидатын бұрмалап, оны қысым жасаудың құралы ретінде көрсеткісі келеді. Ашығын айтсақ, бұл – арамдық. Мұндай келеңсіз әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек», - деді Мемлекет басшысы. 

Президент сөз соңында шынайы ризашылығын білдірді. 

«Халқымызда «Әдеп басы – тіл» деген аталы сөз бар. Сондықтан осы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері, жалпы, тілімізді үнемі қолдайтын азаматтар белсене атсалысуы керек. Бәріңізге тағы да шынайы ризашылығымды білдіремін. «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлына да алғыс айтамын. Қастерлі Отанымыз – Қазақстан мен қасиетті құндылығымыз – қазақ тілі жасай берсін!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Наверх