Тоқаев: Абай облысындағы жағдайға орай Үкімет шұғыл шаралар қабылдауы керек

11 Маусым 2023, 18:22
895
Бөлісу:
Тоқаев: Абай облысындағы жағдайға орай Үкімет шұғыл шаралар қабылдауы керек
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында шұғыл әрекет ету штабында бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Орман және дала өртін ерте анықтап, алдын алу жұмыстары жолға қойылмаған. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен өңірлердің әкімдері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өрт ошақтарын ерте анықтаудың цифрлық жүйелерімен жабдықтауы, өртті бейнебақылау және мониторинг жасау жүйелерін енгізу шараларын қабылдауы керек. Сондай-ақ мұндай жүйелерді енгізгенге дейін орман алқабын авиация арқылы және жерден бақылау, сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңдерде «ұшқышсыз ұшатын аппараттарды» қолдану жиілігін арттыруы қажет. Бұдан бөлек табиғатты қорғау және орман мекемелерін өртке қарсы техникалармен жарақтандыру деңгейін талапқа сай нормаларға дейін жеткізуі керек, - деді президент.

Оның айтуынша, былтыр Қостанайда болған өрт кезінде мен азаматтық қорғау және атқарушы билік органдарының төтенше жағдайларға нақты дайындығына тексеру жүргізуді тапсырған.

Орман және дала өртін сөндіру үшін өртке қарсы техникалық құрал-жабдық қорларын қалыптастыру тапсырылды. Дайындық деңгейі төмен екені анықталды. Атап айтқанда, материалдық-техникалық жарақтандыру көрсеткіші – 69%, функционалдық инфрақұрылым көрсеткіші – 63%. Жалпы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға дайындығы – 70% (Төтенше жағдайлар министрлігі – 75,1%, Экология және табиғи ресурстар министрлігі – 59,5%, жергілікті атқарушы органдар – 70,2%). Үкімет дайындық көрсеткіштерін төтенше жағдайларға тиісті дәрежеде төтеп беретін деңгейге жеткізуі қажет, - деді Тоқаев.

Ол әлемде бірде-бір мемлекет көп кәсіби өрт сөндірушіні ұстап тұра алмайтынын да айтты.

Еріктілер отрядтарын тарту тәжірибесі кеңінен қолданылады және оларды оқытады, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және сақтандыру шаралары қарастырылады. Бізде де бұл нормалар заң жүзінде қарастырылған. Біз бұл ресурсты белсенді пайдалануымыз керек. Жаздың ыстығы енді ғана басталды. Кез келген уақытта өрт шығуы мүмкін. Сондай кезде өртке төтеп беру үшін дайындық сақадай сай болуға тиіс. Үкімет осыған байланысты шұғыл шаралар қабылдауы керек. Орман алқаптарына келіп, қауіпсіздік ережелерін бұзған азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Олар от жағып, оны өшірмей кетеді, бұл қайғылы жағдайға алып келеді. Осымен жиналыс аяқталды. Дереу іске кірісу қажет, - деді мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы