Толық емес отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар

8 Қараша 2023, 08:10
1720
Бөлісу:
Толық емес отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар
Фото: BAQ.KZ - архив

Қазақстанда толық емес отбасылар қалай жеңілдікпен пәтер ала алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Нені білу маңызды

  • «Толық емес отбасы» — ерлі-зайыптылардың ажырасуы не біреуінің қаза болуы салдарынан неке бұзылып, бір адам бала тәрбиелеп отырған отбасы. Бұл азаматтардың заң арқылы бекітілген категориясы.
  • Мемлекеттен баспана алу үшін толық емес отбасылар арнайы кезекке тұруға тиіс. Ол үшін бірқатар талапқа сай болуы керек.

Тұрғын үй кезегіне тұру үшін не маңызды

  • Қазақстан азаматы болу.
  • Өтініш беруші мен отбасы мүшелерінде (әйелі/күйеуі, балалары) соңғы бес жылда жалға берген баспананы қоса алғанда, үй болмау қажет.
  • Не болмаса: 
    — баспана бекітілген санитарлық нормаларға сай емес, 
    — жапсарлас, оқшауланбаған бөлмелерде екі не одан көп отбасы тұратын, 
    — отбасы құрамында созылмалы аурудың ауыр түріне шалдыққан кісі болып, онымен бір пәтерде тұру мүмкін болмау керек.
  • Астана, Алматы, Шымкентте кем дегенде үш жыл тіркелу міндетті. Басқа қалаларда мерзімі маңызды емес.

Қандай үйді тегін алуға болады

Әлеуметтік осал топтағы толық емес отбасыларға әкімдік мерзімін ұзарту құқығымен үш жылға пәтер жалға береді. Ол қатысушының отбасы мүшелеріне мұрагерлік жолмен өтеді.

Алайда мұндай мүлікті сатуға, кепілге қоюға, айырбастауға болмайды. Коммуналды төлемдерді қоспағанда, айына шамамен 10-15 мың теңге төлеу керек.

Кемшілігі — кезекте 10 жыл тұруыңыз мүмкін.

Қандай үй сатып алуға болады

Баспана кезегінде тұрған қоғамның әлеуметтік осал топтары үшін арнайы «5-10-20» (бұрынғы «Шаңырақ») бағдарламасы іске қосылған.

  • 5 % — банктің сыйақы мөлшерлемесі;
  • 10 % — бастапқы жарна;
  • 20 жыл — несие мерзімі.

Кrisha.kz сайтының мәліметінше, бұл бағдарлама бойынша Отбасы банк несие рәсімдейді. Биыл табыс көлемі мен қарыздың ең көп сомасына қатысты шектеулер күшін жойды.

Өтінімді otbasybank.kz сайты арқылы береді. Үміткер тек өзі тұратын өңірдегі белгілі бір нысаннан үй таңдай алады, бірақ ол үшін ғимарат құрылысы аяқталып, қолданысқа берілуі керек. Қатысушылар құрылыс барысын өздері бақылап отыруға тиіс.

Өзгелердің жаңалығы