Төлеби ауданында 50-ге жуық отбасы баспаналы болды

16 Желтоқсан 2020, 21:43
1835
Бөлісу:
Төлеби ауданында 50-ге жуық отбасы баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан облысы Төлеби ауданында 46 отбасы баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Шараға аудан әкімі Б.Омарбеков арнайы қатысып, баспаналы болған отбасыларды құттықтап барды.

Заң талаптары бойынша тұрғын үй кезегімен 46 отбасы жаңа шаңырақтарына кірді. Олардың ішінде 21 отбасы – әлеуметтік жағынан осал топтар, 6 – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 9 – көпбалалы отбасы және 11 – мемлекеттік қызметкерлер. Жаңа баспанаға ие болған аудан тұрғындарының қатарында 7 баланың анасы, 2 рет егіз дүниеге әкелген А.Бектұрғанова да бар. Батыр ана өз алғысын жаудырды.

Айта кетерлігі, бүгінгі күнге Төлеби ауданы бойынша барлығы – 3 879 тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезекке тіркелген. 

Оның ішінде: ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатында – 293, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатында – 1770, көпбалалы отбасылар санатында – 385, мемлекеттік, әскери және бюджеттік мекеме қызметкерлері санатында – 1431 азамат тіркелген. Сондай-ақ, 2021 жылы 20 пәтерлік 9 дана көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 180 отбасыны тұрғын үймен қамту жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы