Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Толағай табыстарға жеткізген ынтымақ пен татулық ұраны алда өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясында да биік көтерілері сөзсіз. Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас осындай пікір айтып отыр.
Нұрлыбек Кәрібозұлының айтуынша, татулықтың тамыры терең, берері мол екеніне ұлтымыздың тарлан тарихы куә.
«Бүгінгі күні қауымдаса өмір сүрудің осынау озық дәстүрін посткеңестік республикалар ішінде Қазақтан айрықша іргелендіре алды. Біздің Тәуелсіздік алғалы бері жетістіктеріміздің түп қазығы бейбітсүйгіштік саясат ұстанғанымызда деп білемін. Айтуға оңай, іске асырылуы күрделі бейбіт саясат Тұңғыш Президентіміз, Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының, этносаралық қатынастарды реттеудегі болжампаздық қарым-қабілеті мен адами және көшбасшылық қасиеттерінің арқасында жүзеге асқаны баршаға аян. Полиэтникалық қоғамда бейбіт қатар өмір сүрудің тың формуласын Елбасы асқан шеберлікпен өмірге ендіре алды. Бұл қазір дүниежүзінде қазақстандық модель ретінде жоғары бағалануда, үлгі ретінде зерделенуде», - деді орталық директоры.
Оның пікірінше, «Бір ел – бір тағдыр» қағидаты негізінде ішкі саяси бірлікті бекіту қолайлы инвестициялық климат орнатып, экономикалық серпіліске қажетті мүмкіндіктер берді. Өркендеудің жаңа фазасына шығынсыз өтуге жол ашты.
«Осы сияқты толағай табыстарға жеткізген ынтымақ пен татулық ұранының алдағы сессияда да биік көтерілері сөзсіз. Сонымен қатар, 100-ден астам этностың басын қосатын биылғы дәстүрлі Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге енген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен бес әлеуметтік бастаманың іске асу барысы, алдағы келе жатқан Президент сайлауы және еліміздің әлемдік қауымдастықтағы ықпалдастығын күшейту мәселелерінің қаралатынына сенім мол. Сондай-ақ, құндылықтары тез өзгеретін ауыспалы да айнымалы жаһандану дәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ұлт мерейін өсіріп тұрған «Қазақтану» ағартушылық жобасының да нәтижелері сарапталады деп сенемін. Бұдан бөлек «Тіл саясаты», және отандық білім жүйесіне жаңа мазмұн беру мәселесі де күн тәртібіне көтерілер деген сенімдемін», - деп атап өтті Нұрлыбек Кәрібозұлы.
«Рухани жаңғыру» орталығының директорының пайымдауынша, ең бастысы, «Қазақстан-әлеуметтік мемлекет» қағидатының бірлікке бастайтын ұйытқы фактор екеніне баршаның көзі толық жетті.
«Демек, ортақ үйімізде ортақ тағдыр біріктірген қазақстандықтардың осынау алқалы жиыннан күтер басты жаңалығы да саясаттағы сабақтастық, ұлттық игі дәстүрлердің сабақтастығы болары күмәнсіз», - деп сөзін түйіндеді Н9рлыбек Мыңжас.