Токио-2020: Елена Рыбакинаға психологиялық жағынан тәжірибе жетіспеді – Елсияр Қанағатов

6 Тамыз 2021, 19:05
2672
Бөлісу:
Токио-2020: Елена Рыбакинаға психологиялық жағынан тәжірибе жетіспеді – Елсияр Қанағатов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен онлайн брифингте Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов мәлім етті.

Оның айтуынша, соңғы жылдары теннисшілеріміз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Токио Олимпиадасына .8 жолдама алдық. 7 спортшымыз Олимпиадаға қатысты. Бұрын теннистен осындай нәтиже көрсеткен емеспіз. Дегенмен, Токио Олимпиадасында өткізген ойындарымызды талдаудамыз. Қарап отырсақ, көбіне жүлделі орындарды жекпе-жек түрлерінен алады екенбіз, - деді ол.

Сонымен қатар Қанағатов қазақстандық теннисшілердің не себепті жеңіліске ұшырағанын айтты.

Биыл ҚР Теннис федерациясының жұмысы нәтижелі болды деп айтуға болады. Мәселен, әрбір облыста теннистік корттар салынуда. Жаттықтырушыларға көңіл бөлініп, облыс және аудан орталықтарында түрлі секциялар көбеюде. Солардың да арқасы болар, күні кеше теннисші қызымыз Елена Рыбакина жақсы нәтиже көрсетті. Оның финалға шығатын мүмкіндігі бар еді. Қола үшін тартыста да ұтып кететін еді. Бірақ ұтылып қалды. Меніңше, Рыбакинаның болашағы әлі алда. Жас спортшыға психологиялық жағынан дайындық аздау болды деп айтуға болады. Дегенмен нәтижеміз жақсы, - деді Елсияр Қанағатов.

Ол Олимпиадалық ойындарға дайындық кезінде тек жекпе-жек түрлеріне басымдық бере бермей, елімізге тансық емес спорт салаларын қолдау керектігін түсіндірді.

Тағы айтарым, бізге жекпе-жек спорт түрі керек. Әрине, қолдаймыз. Қанымызға тартып тұрады. Бірақ теннис, жеңіл атлетика және садақ ату спортына қатты көңіл аударылмай келеді. Мысалы, Ильфат Абдуллин садақ атудан ширек финалға дейін шықты. Мұндай көрсеткіш олимпиадалық тарихымызда бірінші рет тіркелуде. Сол себепті басқа спорт түрлеріне де көңіл бөліп, қолдау көрсетуіміз қажет. Көрермендер тек бокс пен палуандарымызға қарап қалмауы тиіс. Бұл жарыстардан кейін тенниске қызығатын жастар көбейеді деп сенеміз, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы