Тоқаевтың үндеуі: Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты қолдайды

3 Маусым 2021, 16:39
4193
Бөлісу:
Тоқаевтың үндеуі: Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты қолдайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін онлайн форматында өтіп жатқан «Орнықты болашақты қалыптастыр» атты Халықаралық ECOJER конгресінің қатысушыларына Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасады.

Мемлекет басшысының үндеуін Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан оқып берді.

 

Құрметті конгреске қатысушылар, қадірлі қонақтар! Ханымдар мен мырзалар! Сіздерді бірінші халықаралық экологиялық ECOJER конгресінің ашылуымен құттықтаймын! Қоршаған ортаны жақсарту мәселесі – мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Қазақстан Үкіметі экологиялық заңнаманы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің стандарттарына сай үйлестіруге және әлемдегі озық тәжірибелерді пайдалануға бағытталған дәйекті реформалар жүргізуде - делінген Президент сөзінде.

 

Пандемия экономикалық өсімнің қарқынына, әлеуметтік ахуалға және азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін экологияның айрықша маңызды екенін еске салды.

 

Сарапшылардың бағалауынша, ауа сапасының нашарлығы экономиканың өсімін тежеп, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің жыл сайынғы деңгейін 1,5-2 пайызға төмендетеді. Орнықты даму тұжырымдамасы «экология-экономика-қоғам» үштігінің үйлесімді ықпалдастығын көздейді. Біз экологиялық проблемаларды шешу мәселесін кейінге шегере алмаймыз. Жаһандық энергетикаға көшу, инновацияларды дамыту, цифрландыру бағыттары әлемдік нарықтардың конъюнктурасын өзгертіп, орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін қолдануды қажет етеді - деді Тоқаев.

 

Қазақстан – табиғи ресурстарға өте бай.

 

Бұл – біздің теңдессіз қорымыз. Осы ретте біздің алдымызда шикізатты өндіру ғана емес, циркулярлы экономиканың қағидаттары мен заманауи технологиялардың енгізілуін ескере отырып, оны сапалы түрде қайта өңдеу ісін дамыту міндеті тұр. Қазақстан климаттың өзгеруіне қатысты мәселеде өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты қолдайды. Былтыр желтоқсан айында өткен «Климаттық амбициялар саммитінде» Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегінен ада ел болуға қол жеткізуге ниетті екені туралы айттым. Үкімет парниктік газдардың қалдықтарын азайтуды және көміртегінен ада экономика қалыптастыруды көздейтін ұзақ мерзімді стратегияны әзірлеуге кірісіп кетті - деді Мемлекет басшысы.

 

Ол орнықты дамуға қол жеткізу, экология проблемаларын шешу, экологиялық мәдениетті арттыру үшін қоғам, бизнес және үкіметтің күш-жігерін жұмылдыратын жаңа диалог алаңын құруды қолдайтынын айтты.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында Конгресс отырыстарын өткізу ізгі дәстүрге айналады деп сенемін. Барша қатысушылардың қоршаған ортаны қорғау жолындағы игі жұмыстарының табысты болуына тілектеспін! - делінген Президент құттықтауында. 


 

Өзгелердің жаңалығы