Тоқаев Райымқұлованы қабылдады

28 Қыркүйек 2021, 19:36
5897
Бөлісу:
Тоқаев Райымқұлованы қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа мәдениет, спорт, туризм және архив салаларында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша мәлімет берілді. Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, өнер және мәдениет қайраткерлерінің мерейтойларына арналған іс-шаралар туралы баяндалды.

Ақтоты Райымқұлова Мемлекет басшысына Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының жұмысы, Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы, сондай-ақ «Кинематография туралы» Заңға енгізілетін толықтырулар туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, биыл сарапшылар кеңесі мен ведомствоаралық комиссия мақұлдаған 42 киножобаны қаржылай қолдау жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қарай қаржыландыру жұмыстары туралы ақпарат берілді. Елімізде балалар мен жасөспірімдердің 50 пайызын қамтыған 22 мыңға жуық шығармашылық үйірме мен 126 мың спорт секциясы жұмыс істейді.

Министр мәдениет және спорт салаларындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмысы туралы баяндады.

Сонымен қатар, кездесу барысында ішкі туризмді дамытудың перспективалары, осы саланы цифрландыру мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта бірқатар цифрлық шешімдер іске қосылды. Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталы, Туризм онлайн, View Project, eQonaq жүйесі, гидтердің бірыңғай тізімі, сондай-ақ көрсетілген қызмет сапасына қатысты пікір немесе шағым қалдыруға мүмкіндік беретін E-Shagym модулі сияқты жаңа ресурстар әзірленіп жатыр.

Президентке ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықтың жағдайы туралы баяндалды. Бүгінде Қазақстан атынан Бүкіләлемдік мұра тізіміне тарихи және мәдени он ескерткіш енгізілген. Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, министрлік ЮНЕСКО тізіміне материалдық және материалдық емес мәдени мұраның жаңа нысандарын енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев министрге осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы