Тоқаев: Өнеркәсіп саясаты туралы заң қабылдау керек

7 Желтоқсан 2021, 12:28
1251
Бөлісу:
Тоқаев: Өнеркәсіп саясаты туралы заң қабылдау керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өңдеу өнеркәсібінің шикізатқа қол жетімділігін қамтамасыз ететін «Өнеркәсіп саясаты туралы» заңды тезірек қабылдаудың маңызды екенін атап өтті. 

Бұл туралы ол ҚР Президентінің кәсіпкерлерге «Алтын сапа» наградасын табыстау рәсімінде айтты. 

Мемлекет басшысы шараның ашылу салтанатында кәсіпкерлерді марапатымен құттықтап, отандық өнеркәсіпті, медицина ғылымын цифрландыру ісіндегі жетістіктерге тоқталды.

Президент өз Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру міндетін жүктегенін еске салды. Оның айтуынша, бұл аса маңызды мақсат. Шарада сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өңдеу өнеркәсібінің шикізатқа қол жетімділігін қамтамасыз ететін «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заңды тезірек қабылдаудың маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы отандық бизнестің көрші елдердің нарығына шығуы үшін заманауи инфрақұрылымды дамыту қажеттігі жөнінде айтты.

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар тағы төрт трансшекаралық хаб: оның екеуін Ресеймен шекарада, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен шекарада бір-бірден салу жоспарлануда. Бұл транзакциялық шығындарды азайтуға, көлік логистикасының тиімділігін арттыруға және нәтижесінде экспортымызды ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде өндірілетін тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және сапаны бақылаудың заманауи жүйесін енгізудің маңыздылығына назар аударды.

Кәсіпорындардың бизнес-процестеріне жасалатын диагностика осы саладағы жаһандық үрдістерге сай болуға тиіс. Бұл жерде, ең алдымен, цифрландыру және Индустрия 4.0 элементтерін пайдалану туралы сөз болып отыр. Осыған байланысты «Алтын сапа» конкурсының талаптарын Сапаны басқарудың еуропалық қорының (EFQM) жаңа моделіне біртіндеп сәйкестендіру керек. Біз үздік халықаралық үлгілер мен тәжірибелерге сай болуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы