Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде баса назар аудару қажет мәселелерді атап өтті.
Ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға бағытталған сындарлы ұсыныстар назардан тыс қалмайды. Осы басқосуда айтылған ой-пікірлер, елдеріміздің арман-тілегі, бүгіні мен болашағы ортақ екенін көрсетті. Сол себепті осы отырыстың бәріміз үшін маңызы зор, - деп айтты Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, былтырдан бері бүкіл әлем сын-қатермен күресіп келеді. Соған қарамастан Түркі тілдес елдердің ынтымақтастығы бәсеңдеген жоқ.
Бүгінгі отырыс соның дәлелі. Алайда күрделі кезеңде қарым-қатынасымызға тың серпін беру жолдарын бірлесіп ойластыруымыз қажет, - деп түсіндірді Тоқаев самитте.
Осы мақсатта Президент мынадай мәселелерге баса назар аударған жөн екеніне тоқталды.
Біріншіден, індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – азаматтарымызды вакцинамен жаппай қамтамасыз ету. Елдеріміз екпе шығаруды қолға алды. Ортақ мүддеге сай бір-бірімізді қолдауымыз қажет. Өкінішке қарай, Халықаралық қауымдастық пандемияға қарсы күрес кезінде тұтас әрекет ете алмады. Негізгі ірі мемлекеттер арасында қайшылықтар туындап, вакциналық қақтығыс басталып кетті. БҰҰ да осындай күрделі жағдайда өзін көрсете алмады, - деп атап өтті ол.
Күрделі кезеңде денсаулық сақтау және биоқауіпсіздік мәселесінің маңызы арта түсті. Бұл ретте БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастама көтергені белгілі. Агенттік болашақта биологиялық қатердің алдын алуға және қауіпті дерт бойынша мәлімет алмасуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, пандемия бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа әкеліп соқтырды. Індеттің салдарынан өзара сауда айналымы азайып кетті. Қазақстан мен Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы сауда-саттық көлемі былтыр шамамен 7 млрд доллар болды. Бұл 11,2 пайызға төмен, - деді Тоқаев.