Тоқаев Ахметовті қабылдады

25 Қараша 2021, 10:26
817
Бөлісу:
Тоқаев Ахметовті қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің биылғы он ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді.

Облыс әкімінің айтуынша, халыққа вакцина салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, вакцина алуға тиісті тұрғындардың 100 пайызы екпенің бірінші компонентін алған, ал екінші компонентін 7 желтоқсанға дейін салу жоспарланған.

Кездесу барысында облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері талқыланды. Даниал Ахметовтің мәліметі бойынша 2022 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 4 есе арттыру көзделген.

Президентке жақында ашылған «Үлбі-ТВС» зауытының жұмысы туралы баяндалды. Кәсіпорында жылу энергиясын алуға арналған инженерлік құрылымдар шығарылады және 140 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауытта жылына 200 тонна уран отыны өндіріледі.

Мемлекет басшысы облыс әкіміне жылыту маусымы кезінде қазандықтардың үздіксіз жұмыс істеуін қадағалау, тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру жұмыстарын жалғастыру жөнінде тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы