Тоқаев – 68. Әкесі есімін ағасының құрметіне қойған, Жириновскиймен бір мектепте оқыған

17 Мамыр 2021, 12:21
8940
Бөлісу:
Тоқаев – 68. Әкесі есімін ағасының құрметіне қойған, Жириновскиймен бір мектепте оқыған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, яғни 17 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 68 жасқа толды.

Осы ретте Тәуелсіз Қазақстанның екінші Президентіне қатысты қызықты деректерді ұсынамыз.

Ол 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында туған. Әкесі – Кемел Тоқайұлы Тоқаев (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің детективті-шытырман оқиғалы жанрының негізін қалаушы.

Шешесі – Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдері педагогикалық институтында қызмет еткен.

Аштықтан аман қалған әке

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әке туралы ой-толғау» атты кітабында өткен ғасырдың 30-жылдарындағы қиындықтарды жазады.

Кемел Тоқаев 1923 жылы Алматы облысы Қаратал ауданында дүниеге келген. Ұжымдастыру тұсында Кемел Тоқаевтың отбасына аштықтан бас сауғалау үшін Фрунзе (қазіргі Бішкек қаласы, Қырғызстан) қаласына дейін жетіп алу туралы шешімге келеді. Бірақ ол жақта да оңай болған жоқ. Әсіресе, 1933 жыл ауыр жыл болды.

Кемел Тоқаевтың пештің жанында ойнап жүрген туған қарындасы отқа түсіп, қаза болады. Қайғылы оқиға Кемелдің анасының көз алдында болған, бала қайғысына шыдамаған анасы да көп ұзамай көз жұмады. Кемел мен оның үлкен ағасы Қасым балаларды жетім деп ойлаған милициялардың нұсқауымен балалар үйіне тапсырылады.

Қайғылы оқиғалардан кейін Кемел Тоқаевтың әкесі қайғыға шыдас бермей, із-түзсіз жоғалып кеткен деген деректер келтіріледі.

Есімін ағасының құрметіне қойған

Екінші дүниежүзілік соғысқа ағайынды Тоқаевтар да қатысқан. Өкінішке қарай, ағасы Қасым Тоқаев соғыста жанқиярлық ерлікпен қаза тапқан.

Аштық кезінде бұл отбасы Фрунзеге (қазіргі Бішкекке) көшіп келіп, сол жерде ата-анасынан, қарындасынан айырылыпты. Қасым деген ағасымен екеуі балалар үйінде тәрбиеленгенін де осы тұста естідім. Ағасын аузынан тастамайтын». Қасым-Жомарт Кемелұлының есімін ағасының құрметіне қойған екен. Ол туралы «Өзіме қамқор болған ағаның майданда қаза болуы мені шын жетім етті. Оны ұмыта алатын емеспін. Жаңа туған тұңғыш ұлымның Жомарт деген атына Қасым ағамның атын қосып атап жүрмін» деп еді. Осы әңгімені көңілі босап, көзіне жас үйіріліп, егіліп айтты. Кейін үйінде болғанда кішкентай Қасым-Жомартты көрсетіп, «Менің ағамның атын қойған ұлым – мынау» деп көрсеткен, - деп жазған әдебиет сыншысы Серік Қирабаев өзінің естелігінде.

Жириновскиймен бір мектепте оқыған

Мемлекет басшысы Алматыдағы  №25 гимназияны бітірген. Бұл мектепке жазушы Ілияс Есенберлиннің есімі берілген. Бұл мектепте 50 жылдан бері француз тілі оқытылады. 

Аталған білім ордасынан археолог Кемал Ақышев, өнертанушы Анатолий Кельберг, қаржыгер Дәулет Сембаев, нейрохирург Юрий Аношин, денсаулық сақтау саласындағы көрнекті қайраткер және Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың жетекшісі Абай Байгенжин түлеп ұшқан. Сонымен қатар ресейлік саясаткер Владимир Жириновский осы мектепті бітірген.

Отбасын мемлекет ісіне араластырмаған

Қазақстанда шенеуніктердің басым көпшілігі билікке келген кезде отбасы мүшелерін де жоғары қызметтерге тағайындай бастайды. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты мұндай сын айтылмайды.

Ұлы Тимур 1984 жылы Мәскеуде туған. Швейцариядағы колледжде білім алған. Саяси ғылымдар кандидаты. Ол Атырау облысының Махамбет ауданында орналасқан Грядовое кен орнынан көмірсутектерді өндірумен айналысатын Dhabi Petroleum Company мұнай компаниясының құрылтайшыларының бірі болған. 

13 жыл үстел теннисі федерациясын басқарды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен теннистің фанаты болса, Тоқаев үстел теннисіне қызығады. Қазақстанның үстел теннисі федерациясын 13 жыл басқарды. Ол мектеп қабырғасында осы спорт түрінен КСРО спорт шеберіне үміткер болған.

Батыс Қазақстан облысына жасаған сапарында жас спортшылардың бірімен шеберлік байқасып көрген еді.

Туған күнін тойлағанды құп көрмейді

Тоқаев туған күнін атап өткенді ұнатпайды, бұл туралы былтыр оның баспасөз хатшысы Берік Уәли айтқан.

Биылғы 17 мамыр жексенбі күніне сәйкес келіп отыр. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы үйінде жұмыс істейді. Аталған датаға орай ешқандай шара өтпейді. Тіпті, Президент әкімшілігінің қызметкерлеріне туған күнімен құттықтамау, естелік сыйлықтар тарту етпеу туралы ескерту жасалды. Президент бұл күнді тойлағанды ұнатпайды. Өйткені ол кісінің отбасында балалардың да, ересектердің де туған күні тойланбайды екен. Ондай дәстүр қалыптаспаған, - деп жазған болатын Президенттің былтырғы туған күнінде Берік Уәли.

Бес тіл меңгерген

Ел Президенті полиглот. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін меңгерген.

Өзгелердің жаңалығы