Тоғжанов: Жоғары құқықтық мәдениет – ел дамуының кепілі

27 Қаңтар 2023, 17:48
911
Бөлісу:
Тоғжанов: Жоғары құқықтық мәдениет – ел дамуының кепілі

Ақтөбеде облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының қазақстандықтардың өмірін жақсартуға бағытталған реформаларын толыққанды іске асыруға нормативтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 
 

Кеңеске Ақтөбе облысының құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарының басшылары қатысты. 
 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстан әділеттің аумағына айналуы керек, ол үшін тек әріптің емес, заңның рухын да сақтау қажет екенін атап өтті. Біз қоғамның құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған барлық бастамаларды қолдауға дайынбыз. Жоғары құқықтық мәдениет – ел дамуының, әділетті Қазақстанның құрылуының кепілі», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Министр Азамат Есқараев конституциялық реформаны іске асыру аясында және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін 2022 жылы «ҚР Конституциялық Соты туралы», «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және т.б. бірқатар маңызды заңдар қабылданғанын жеткізді.

«Электрондық нотариат жүйесінің жаңа элементтері енгізілді және электрондық форматта сенімхаттардың 3 түрін беру, яғни мұрагерлік іс жүргізу, меншіктің барлық нысандарындағы ұйымдарда мүдделер білдіру, соттарда істер жүргізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Сот төрелігінің сапасын арттыру үшін Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерін түзету – маңызды шара. Сондай-ақ, бірқатар жаңа заң жобалары әзірленуде, оның ішінде заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы заң жобасы қоғамда үлкен пікірталас тудырды», - деп атап өтті Әділет министрлігінің басшысы.

Айта кетейік, бүгін «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы ғимаратында ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев облыс тұрғындарымен кездесті. Іс-шараға белсенділер, қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Өзгелердің жаңалығы