Тоғжанов Түркістан облысының шекара маңындағы аудандарын аралады

16 Наурыз 2021, 21:05
1608
Бөлісу:
Тоғжанов Түркістан облысының шекара маңындағы аудандарын аралады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған жұмыс тобы Түркістан облысының шекара маңындағы аудандарын аралады. 

Жұмыс сапары барысында Е. Тоғжанов Түркістан облысы Сарыағаш ауданының Бағыс және Хиябон ауылдарының әлеуметтік нысандарының жағдайымен танысып, тұрғындарымен кездесті.

Вице-премьермен кездесуде тұрғындар ауылдардың өзекті мәселелерін көтерді, оның ішінде мүлік пен жер учаскелерін тіркеу мүмкіндігінің жоқтығын айтты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, егіншілік пен мал шаруашылығына арналған жерлер мен судың жетіспеушілігі өткір мәселе болып отырған көрінеді. Сонымен қатар ауылдарда газдың жоқтығы байқалады. 

Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары облыс әкімдігіне тұрғындардың көтеріп отырған мәселелерін шешу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Осылайша, осы жылдың 1 сәуіріне дейін ауыл шаруашылығы жерлеріне олардың сумен қамтамасыз етілуін ескере отырып түгендеу жұмыстарының жүргізілуі, ауыл тұрғындарының жер учаскелері мен тұрғын үйлерін тіркеуді 31 мамырға дейін аяқтау, сондай-ақ 1 қыркүйекке дейін Түркістан облысының 6 ауылын газбен қамтамасыз ету тапсырылды. 

Ералы Тоғжанов аталған елді мекендердің шекараларын айқындаудың маңыздылығын атап өтіп, облыс басшылығына биылғы 15 сәуірге дейін жергілікті халықтың қажеттілігі үшін жайылымдық жерлерді анықтау бойынша тиісті жұмыстардың жүргізілуін, ал 20 сәуірге дейін ауыл шекарасын түпкілікті бекітуді тапсырды. 

Сонымен қатар Бағыс ауылында апатты мектептің орнына жаңа ғимарат салып, интернет сапасын көтеру үшін «Kcell» және «Теle-2» желілерін жаңғыртып, 3G/4G байланысымен қамту жоспарлануда. 

Шекара маңындағы ауылдарды дамыту мәселелері Үкіметтің бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы